Еліміздегі кедендік рәсімдеу орталықтарында енді тек әйелдер ғана жұмыс істеуі мүмкін. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен арнайы брифинг барысында осындай мәлімдеме жасалды. Мемлекеттік кірістер комитетінің департамент директоры Ержан Біржановтың сөзіне қарағанда, әйелдер ерлерге қарағанда қызметтік міндеттерін адал атқарады. Ең бастысы - нәзік жандылар пара алу әдетінен аулақ көрінеді. Мамандар оған арнайы бақылау шаралары барысында көз жеткізген. Сондықтан бұдан былай кедендік рәсімдеу ісіне тек қыз-келіншектерді ғана қабылдауға ұйғарым жасалған сыңайлы. Мұнан бөлек, комитет тұтынушыларға ыңғайлы болуы үшін қызметтердің электрондық жүйеге ендірілуін қамтамасыз етпек. 50 ден астам қызмет түрлері онлайн режимінде көрсетіледі деп жоспарланған.
Ержан Біржанов, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің департамент директоры:
Астанадағы кедендік рәсімдеу орталығының ұжымы қазір 100 пайыз әйелдерден жасақталып отыр. Олар ерлерге қарағанда жемқорлық әрекеттерге аз барады.Және жұмысты тыңғылықты атқарады. Оған екі ай жүргізілген арнайы бағдарлама барысында көз жеткіздік. Әрі кірістер де біршама ұлғайды. Шағымдар азайған. Сондықтан өзге аймақтардағы орталықтарды да осылай жасақтауды жоспарлап отырмыз.
Құралай ПИОНЕР