Тарихи маңызды кезеңдерде халқымыз қасиетті Түркістан жерін ерекше құрмет тұтқан. Қандай да бір маңызды істі Түркістаннан бастау игі дәстүрге айналды деуге болады. Бұл – киелі жерге деген құрмет қана емес, тарихи сабақтастық.
Сондықтан да бүгін АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері Түркістан облысына ат басын тіреді. Олар өңір жұртшылығымен, денсаулық сақтау саласының өкілдерімен, мәдениет қайраткерлерімен, ұстаздар қауымымен кездесулер өткізеді. Сондай-ақ, Штаб мүшелері шаруалармен, еңбек ұжымдарымен жүздесіп, Кентау қаласындағы №5 ЖЭО-ға барады.
Түркістан облысы – ел тұрғындары ең тығыз орналасқан өңірлердің бірі. Мұнда жастар қауымы да өте көп. Ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа кәсіпорындар ашуға, сапалы жұмыс орындарын құруға, коммуналдық кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуіне және тағы да басқалар үшін өңірге электр энергиясы ауадай қажет. Халықтық штаб мүшелері ел дамуының АЭС-ке қатысты осы және өзге де перспективалары туралы тұрғындармен әңгімелеспек.