$480.61 €534.53 ₽5.28
×

Жылу энергетиктері АЭС құрылысына қолдау көрсетуге дайын

AstanaTV
09.09.2024ж. 23:13
263
Жылу энергетиктері АЭС құрылысына қолдау көрсетуге дайын

Кентау қаласында Штаб мүшелері №5 ЖЭО ұжымымен кездесті. Халықтық штаб мүшелері АЭС құрылысын салу барлық коммуналдық және өнеркәсіптік кәсіпорындарды тұрақты және таза энергиямен қамтамасыз етіп, жылу мен электр қуатын берудегі іркіліс мәселесін шешетініне баса тоқталды.

Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов атап өткендей, кәсіби энергетиктер АЭС-тың артықшылығын басқаларға қарағанда жақсы түсінеді. Ал оған балама күн немесе жел сияқты энергия көздері болғанымен, олардың үлкен кемшілігі бар – мұндай қондырғылардың жұмысы күннің уақыты мен ауа райы жағдайына қатты тәуелді. Егер елімізді тұрақты энергиямен қамтамасыз ету қажет болса, онда атомдық генерация – бірден-бір дұрыс шешім.

«Сіздер, еш қиындықтарға қарамастан, адал еңбектеріңіздің арқасында әр үйді жылумен қамтамасыз етіп отырсыздар. Сондықтан бұл мәселенің мән-маңызын сіздерден артық ешкім түсінбейтін болар. Электр энергиясы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесінің қалыпты жұмыс істеуі үшін өте маңызды. Ендеше энергетикалық тәуелсіздікке қалай қол жеткізуге болады? Ол үшін бізге таза, тұрақты және сарқылмайтын энергия көзі қажет. Ал мұндай энергия көзі тек атом электр станциясы болуы мүмкін. Дәл қазіргі уақытта АЭС-ке балама жоқ. Мұны әлемдік тәжірибе растап отыр. Бұл пікірді осы саланың сарапшылары мен ғалымдары да толығымен қолдайды», - деді ол.

ЖЭО ұжымы алдағы референдумға белсенді қатысуға және АЭС құрылысын қолдауға толық дайын екендіктерін білдірді.