Алматыда Құлжа тас жолының бойындағы қайта құру жұмыстары мерзімнен бұрын аяқталады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматыда Құлжа тасжолында Рысқұлов даңғылынан Бұқтырма көшесіне дейінгі аумақтағы жолды қайта жаңарту аяқталып келеді. Қалалық мобилділік басқармасы 14 қыркүйекте барлық жолақ бойынша көлік қозғалысын толығымен ашуды жоспарлап отыр.
Алайда асфальтбетон төсемінің жоғарғы қабатын төсеуге байланысты көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі.
11 қыркүйек сағат 23.00-ден 12 қыркүйек сағат 06.00-ге дейін жөндеу жүргізіліп жатқан учаскенің батыс жағында қозғалыс жабылады. Облыстан қалаға келгенде бұл жерді Талғар тасжолымен, Бұқтырма, Майлин және Приканальная ҮАК көшелері арқылы айналып өтуге болады.
Бұдан әрі 12 қыркүйек сағат 06.00-ден 21.00-ге дейін шығыс жақпен жол жүруге болады, ол жерде реверсивті қозғалыс ұйымдастырылады.
12 қыркүйек сағат 23.00-ден 13 қыркүйек сағат 06.00-ге дейін жөнделіп жатқан бөліктің шығыс жағында қозғалыс жабылады. Қаладан облысқа шыққанда Талғар тас жолымен, Рысқұлов даңғылымен және Приканальная ҮАК көшелері арқылы айналып өтуге болады.