$494.87 €520.65 ₽4.91
×

«Колледж түлектерінің білімі жұмыс берушінің талаптарына сәйкес келмейді», - О. Бектенов

10.09.2024ж. 20:00
223
«Колледж түлектерінің білімі жұмыс берушінің талаптарына сәйкес келмейді», - О. Бектенов

Колледж түлектері жұмыссыз қалуы мүмкін. Өйткені мұндағы білім жұмыс берушінің талаптарына сәйкес келмейді. Мұны Үкімет басшысы Олжас Бектенов айтты. Бұл – елдегі оқу деңгейінің төмен екенін көрсетеді. Жыл сайын бюджеттен осы салаға миллиардтап қаржы бөлінсе де нәтиже жоқ. Енді колледж бітіген түлектер қайда барады? Аружан Задабектің сюжеті. 

Білім саласында қордаланған мәселе көп. Жылдар бойын шешімін таппаған проблема жетерлік. Соның бірі- Президент Жолдауда айтқан кадр тапшылығы. Қазір білікті маман табу қиын. Тапқан күннің өзінде олар айлығы шайлығына жетпейтін қызметте істегісі келмейді. Осылай жалғаса берсе 2030 жылға дейін бізге 1,8 млн жұмысшы керек болады. Оның 1 миллионынан техникалық білім талап етіледі.

СВЕТЛАНА ЖАҚЫПОВА, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:

Кәсіптік-техникалық білімі бар жұмыспен қамтылғандардың үлесі жалпы жұмыспен қамтылғандар санының 49%-на жетіп, 17 пайыздық тармаққа ұлғайды. Экономика салалары бөлігінде кәсіптік-техникалық білімі бар қызметкерлердің ең көп саны сауда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және қоймалау салаларында басым болып, жалпы саны 2,5 млн адамға жетті.

Өзге мемлекеттерде білікті мамандарды колледж түлектерінің арасынан іздеу былайша айтқанда «дәстүрге» айналған. Ал, бізде керісінше. Университет бітірмеген жасты қызметке алудан қашады. Неге олай деп жұмыс берушіні кінәлай да алмаймыз. Өйткені колледж білімінің сапасына сынмен қарайтынымыз жасырын емес. Соңғы үш жылда кадр даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі айтарлықтай ұлғайды. Бұған дейін бюджет есебінен жыл сайын 93 мыңға жуық студент қабылданса, биыл олардың саны 142 мыңға жеткен.

ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:

Шетелдік колледждермен стратегиялық әріптестікті дамыту инвестицияларды тарту және оқыту мен корпоративтік басқарудың жаңа технологияларын енгізу арқылы іске асыру жоспарланып отыр. Біз бұл жұмысты жоғары білім министрлігімен бірлесіп жүргіземіз, себебі қазірдің өзінде әлемнің 23 жетекші жоғары оқу орны елімізде белсенді жұмыс атқарып жатыр.

Колледж студенттеріне бөлінетін қаржы да ұлғаяды. Бұрын бір білім алушыға 891 мың теңге қарастырылатын. Енді ол сомма 1,3 млнға дейін артуы мүмкін. Жалпы колледждерді қаржыландыру үшін қосымша 178 млрд теңге керек.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Жаңа өндірістерді ашу кезінде білікті жұмысшылардың жетіспейтінін көріп отырмыз. Соңғы жылдары кәсіптік техникалық білім беру жүйесін дамытуда бірқатар прогрессивті қадамдар жасалды. Қазір колледждер жұмысшы мамандықтары бойынша тегін оқытады.

Жыл соңына дейін 5 колледжді аккредиттеуден өткізу жоспарланып отыр. 2030 жылға қарай елдегі 30 білім мекемесі халықаралық салалық аккредиттеуден өтеді. Бұл өз кезегінде әлемдік стандарттар бойынша маман даярлауға мүмкіндік бермек.