Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Павлодар облысында жастардың тұрақтап қалу деңгейі азаюда

AstanaTV
05.04.2017ж. 20:00
3095
Павлодар облысында жастардың тұрақтап қалу деңгейі азаюда

Жастардың тұрақтап қалуы Павлодар өңірінде өзекті мәселеге айналған. Білім бөлімі берген ақпарға сәйкес, жыл сайын түлектердің 16 пайызы басқа аймақтар мен шетел асып кетеді. Негізінен жас буын Астана мен Алматы қалаларында білім алуды қалайды. Ресейдің жоғарғы оқу орындарын таңдайтындар да аз емес,-дейді шенеуніктер. Туындаған мәселені шешу үшін жергілікті билік қандай шара қолданып жатыр? Қыз-жігіттердің туған жерін тастап кетуіне не себеп? Тақырыпты тілшіміз Әсемгүл Мұхитқызы зерттеп көрді.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:


Павлодар облысынан жастардың кету легі азаймай тұр. Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, өткен жылы оқу бітірген 3600 түлектің 576-сы, яғни 16 пайызы басқа өңірлер мен алыс-жақын шет мемлекетті таңдаған. Студенттер Ресей, Қытай, Чехия, Оңтүстік Корея және АҚШ университеттеріне түседі. Алдыңғы тәжірбиеге сүйенген шенеуніктер сыртта оқып жатқандардың 90 пайызы елге оралмай, қалып қоятынын алға тартты.

Солардың бірі - Павлодардың тумасы Роман Ожик. 2002 жылы мектеп бітірген ол Новосібір мемлекеттік техникалық университетіне оқуға түседі. 5 жыл білім алған жігіт дипломын алған соң көрші елде тұрақтап қалуды ұйғарған.

Роман Ожик, Новосібір қаласының тұрғыны:

Новосібір қаласындағы нақты бұл университеттің білім сапасы Павлодармен салыстырғанда өте жоғары деп есептеймін. Сондықтан, қайда оқуға түсемін деген мәселе туындағанда, көп ойланбадым. Таңдауым бірден айқындалды. Ата-анам Павлодарда қалса да, мұнда тұрақтап қалғаныма еш өкінбеймін. Павлодарға қайтып оралуым да екіталай. 

Романның айтуынша, жат елде ол жалғыз емес. Бірге оқыған сыныптастарының тең жартысы Новосібір қаласына көшіп келген. Бұрынғыдай көрші тұрамыз,-деп қалжыңдап қояды. Облыстық жастар ісі жөніндегі басқарма өкілдерінің айтуынша, қыз-жігіттердің таңдауы Ресейдің Павлодармен шекаралас өңірлеріне түседі. Бүгінде Омбы, Барнауыл, Новосібір қалаларында оқып, тұрақтағандар көп. Арасында Мәскеуге кеткендер де аз емес.

Наталья Нефедова, Павлодар облыстық жастар ісі жөніндегі басқарма басшысы:

Өкінішке орай, біздің жоғарғы оқу орындарында кәсіби бағдар мен насихаттау жұмысында белсенділік төмен. Оларда талапкерлерді тарту мен ынталандыру бойынша нақты стратегия жоқ. Сондықтан жастар заман талабына сай сапалы білім алып, мықты маман атану үшін басқа өңірлерге кетуге мәжбүр. Шетел асып жатқаны қаншама.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Жергілікті билік қалалар мен аудандардың тартымдылығын арттыратын арнайы карта әзірлеген. Қаңтарда жоғарғы оқу орындарына талапкерлерді тарту жұмысын күшейтіп, насихаттау шарасын бастап кеткен. Оның қаншалықты тиімді болғаны алдағы күзде белгілі болмақ.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ