$487.37 €532.94 ₽5.09
×

АЭС мыңдаған жұмыс орнын ашады

AstanaTV
11.09.2024ж. 09:07
186
АЭС мыңдаған жұмыс орнын ашады

Штаб мүшелері Шымкент шаһарында «Тассай» индустриялық аймағына барып, кәсіпкерлермен және еңбек ұжымдарымен кездесті. Олар АЭС салынған жағдайда елдің экономикалық жағдайы қалай өзгеретінін айтты. Атап айтқанда, ұзақ уақыт пайдалануға болатын мұндай станция кәсіпорындар үшін аса маңызды электр энергияның тұрақты және қолжетімді тарифін қамтамасыз етеді. Бұл қадам зауыттардың, фабрикалардың өндіріс шығынын азайтып, өз тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, Штаб мүшелері кәсіпкерлерге Қазақстан 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптық бойынша міндеттеме қабылдағанын еске салды. Яғни көмір технологиясымен өндірілетін барлық тауарға әлемдік нарықта қосымша салық салынады. Электр энергияның 70%-ын көмір станцияларынан алатын Қазақстан үшін бұл айтарлықтай кедергі болуы мүмкін. Сондықтан АЭС салу қазақстандық өнімнің халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетін арттыруда стратегиялық маңызға ие.

Кездесу соңында кәсіпкерлер мен жұмысшылар алдағы референдумға белсенді қатысып, АЭС-ты қолдауға дайын екендерін жеткізді. Олардың айтуынша, атом энергетикасын дамыту Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, елімізде озық технологияларды енгізуге, шетелдік инвестицияларды көбірек тартуға, өндірісті ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.