Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

«ДАИШ» ұйымымен байланыста болған қазақстандық сотталды

AstanaTV
06.04.2017ж. 20:00
2292
«ДАИШ» ұйымымен байланыста болған қазақстандық сотталды

«ДАИШ» террористік ұйымымен байланыста болды деп айыпталған Қарағанды облысы Сәтпаев қаласының тұрғыны 3 жыл 3 айға сотталды. Ол Қазақстаннан қаражат жымқыруға бағытталған ақпаратты лаңкестік ұйымға беріп отырған. Бұл туралы аймақ прокурорлары  «Астана» телеарнасына телефон арқылы хабарлады.

Жанқозы Нақышев,  Қарағанды облысы Сәтпаев қаласының прокуроры:

Дүйсенбек Тұқыбаев Сириядағы «ДАИШ» террористік ұйымының қатарына қосылған Байділдаевқа телефон арқылы ақпараттық қызмет көрсеткен. Тұқыбаевтың берген мәліметтері «ДАИШ» террористік ұйымына қажетті қаражаттар тартуға бағытталған іс-қимылдар жоспарын құруға пайдаланылған.

Сондай-ақ Сәтпаев қаласының тағы екі тұрғыны 5 және 6 жарым жылға сотталды. Олар әлеуметтік желілер арқылы терроризмді насихаттап, ұлтаралық- діни алауыздықты қоздырғаны үшін жазаға тартылған. Алғашқысы діни-экстремистік сипаттағы бейнероликтермен бөліссе, екіншісі, «қарулы жиһад идеяларын» таратқан. Оларға Қылмыстық кодекстің «Ұлттық діни араздық тудыру»,«Терроризмді насихаттау» баптарымен айып тағылды. Бүгінде сот шешімі күшіне енген. Прокуратураның мәліметінше, Сәтпаев қаласында өткен жылы лаңкестік идеяларды дәріптегені үшін шаһардың 7 тұрғыны бас бостандығынан айырылған.