Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Жыл соңына дейін авиабилеттердің құны төмендейді

AstanaTV
06.04.2017ж. 20:00
1698
Жыл соңына дейін авиабилеттердің құны төмендейді

Жыл соңына дейін авиабилеттер құны айтарлықтай арзандауы мүмкін. Бұл туралы Сенат қабырғасында «Авиациялық қауіпсіздік туралы» заң жобасын талқылауға қатысқан инвестициялар және даму министрі мәлімдеді.

Бұл әуе компаниялары арасындағы бәсекелестіктің арқасында жүзеге асуы ықтимал. Биыл Қазақстан нарығына бірнеше компания кірмек. Будапешт, Варшава сынды Еуропаның қалаларына бағытталған рейстер ұшады деп жоспарлануда. Отандық мұнай өңдеу зауыттары да жаңғыртудан өтеді деген жорамал бар. Инвестициялар және даму министрлігінің пікірінше, әуе билеттері бағасының 30%-ын керосин құрайды. Оның бағасы аэропортқа байланысты тоннасына 150-ден 300 мыңға дейін құбылып тұр. Отандық әуе компанияларының жылдық тұтынатын жанармай көлемі 800 мың тонна. Қазақстан оның не бары 40%-ын өзі өңдеп, қалған 60%-ын шет елден импорттайды.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

Жыл соңына дейін өзіміздегі мұнай өңдеу зауыттары Қазақстан авиациясына қажетті 800 мың тонна керосинді өндіре алады деп ойлап отырмыз. Егер олай болса, әлбетте, билет бағасы төмендейді. Дәл қазір 5,10 немесе 20 пайызға арзандайды деп айта алмаймын. Бірақ бұл бағытта жұмыстар жасалып жатыр.

Авиация төңірегінде оқыс оқиғалардың жиілеуі де сөз болды. Сенатор Мұхтар Алтынбаев, осы саладағы қайғылы апаттарды тергеп, зерттейтін жеке бір орган құрылуы керек, деген пікірде.

Мұхтар Алтынбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:


Бұл салаға тәуелсіз ведомстволық орган қажет. Қайталанып отырған қаншама апаттар мен бөлшектердің істен шығу жағдайлары бойынша бір де бір нақты жауап алған жоқпыз. БАҚ өкілдеріне де еш жерде мардымды жауап берілмеді.