$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қызылордалық ғалымдар жасанды интеллект ұлттық орталығымен бірлесе жұмыс жасауға дайын

Қызылордалық ғалымдар жасанды интеллект ұлттық орталығымен бірлесе жұмыс жасауға дайын

Мемлекет басшысы Үкіметке жасанды интеллектіні дамыту ісіне баса назар аудару керектігін тапсырды. Соның негізінде Астанадан Жасанды интеллект ұлттық орталығы ашылмақ. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің мамандары бұл бастаманы қуана қабылдады. Қазір оқу орнында жасанды интеллект институты жұмыс істеп тұр. Ғалымдар Сеул ұлттық ғылым технология университетімен тығыз байланыста. 

Әділет бала күнінен ІТ саласына ерекше қызығады. Сондықтан жасанды интеллект институтын таңдаған. Енді елімізде технологияның дамуына өз үлесімді қоссам дейді. Ойға алған тың жобалары да бар.

ӘДІЛЕТ НҰРЛАНҰЛЫ, ҚОРҚЫТ АТА АТЫНДАҒЫ ҚЫЗЫЛОРДА УНИВЕРСИТЕТІ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ИНСТИТУТЫНЫҢ СТУДЕНТІ:

Болашақта өзім жасанды интеллект саласына өзімнің ықпалымды тигізгім келеді. Мектепте оқып жатқан оқушыларға жасанды интеллект арқылы сабақ оқытуға әдістерді қолданып көруге болады. Соған ықпалымды тигізіп, сондай жобаларды жасағым келеді.

Ашылғанына көп болмаса да Жасанды интеллект институтына түсуге ынталы жастардың қарасы қалың. Сол себепті де биыл 100 студентке грант тағайындалды. Ал елімізде ұлттық орталық ашу туралы Президенттің тапсырмасы жастарға одан әрі серпін берді.

НҰРЛАН ҚҰЛМЫРЗАЕВ, ҚОРҚЫТ АТА АТЫНДАҒЫ ҚЫЗЫЛОРДА УНИВЕРСИТЕТІ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Қазақша сөйлейтін жасанды интеллект жасау. Орталықтың ең бірінші мақсаттарының бірі осы. Және де біздің ғалымдарымыздың жұмысын бір базаға жинақтау. Біздің институт пен осы орталықтың жұмысы қазірден бастап басталып жатыр. Үлкен үлкен жұмыстар күтіп отырмыз.

Жасанды интеллект білім, денсаулық сақтау саласының көкжиегін кеңейтіп қана қоймай кәсіпкерлердің де жұмысын жандандыруға мүмкіндік беріп отыр. Қаражатты ғана емес, уақытты да үнемдеуге жол ашты. Көпшілікте жұмыс көзінің қысқаруы туындайды деген алаңдаушылық бары жасырын емес. Алайда оған негіз жоқ, сондықтан технологиялық прогреске бейімделу керек дейді мамандар.

ЖАНАРЫС ТҮБЕКБАЕВ, «KYZYLORDAHUB» БИЗНЕС ИНКУБАТОРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Жасанды интеллект кейбір қызметкерлерді жұмыссыз қалдырады. Бірақ оның артынан қаншама жұмыс шығарады ол. Мысалы қазір жазушылардың, капирайтерлердің сұранысы азайған сайын, промпинженердің сұранысы көбейіп жатыр. Яғни жасанды интеллект өз күшінше ешнәрсе жасай алмайды.

Мемлекет басшысы Жолдауында жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайлану білім экономикасына тың серпіліс беретінін айтты. Сондықтан жоғарғы оқу орындарына кадр даярлау мен зерттеу жүргізуді тапсырды.