Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков Қазақстанның әкімшілік заңнамасына енгізілетін өзгерістер туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Заңдағы өзгерістер тұрғын үйлерде тұрмайтын азаматтарды өз үйлеріне есепке қоятындарға қатысты. Енді оларға екі есе айыппұл салынбақ.
"Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістер мен толықтырулар аясында тұрғын үй иесіне үйде тұрмайтын жеке тұлғаларды тіркеуге қоюға рұқсат бергені және оларды есептен шығармағаны үшін салынатын айыппұлдарды екі есеге арттыру ұсынылып отыр", – деді Омарбеков мәжілісте елорда мен республикалық маңызы бар қалаларды дамыту туралы заң жобасын таныстыру барысында.
Ол қазір жеке тұлғаларға 10 АЕК (2024 жылы 36 920 теңге), шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін 15 АЕК (2024 жылы 55 380 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілері үшін 25 АЕК (2024 жылы 92 300 теңге) және ірі көлемдегі кәсіпкерлерге 50 АЕК (2024 жылы 184 600 теңге) көлемінде айыппұл салынатынын еске салды.