Полиция қызметкерлері заңсыз сатылымды “Құқықтық тәртіп” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықтады. Тыйым салынған тауарлар Өскемендегі екі сауда үйінде кальян дүкендерінен жасырын сатылғаны анықталды.
Бірінші дүкенді тінту кезінде жедел уәкілдер 450-ден астам электронды темекі, сондай-ақ вейптер мен Pod жүйелеріне арналған 10-нан астам сұйықтық тапқан. Екінші дүкеннен тәртіп сақшылары 115 электронды темекі тәркілеген.Шегілмейтін темекі өнімдерінің айналымы фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Заңға сәйкес, күдіктілерге 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады, не сол мөлшерде түзету жұмыстары жүргізіледі, не 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады, не 50 тәулікке дейін қамауға алынады.
Полиция департаменті биыл 20 маусымынан бастап Қазақстанда шегілмейтін темекі өнімдерінің, электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), олар үшін хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымына тыйым салынғанын және қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске салады.