Оралдағы саяжайларда қарақұрт қаптады. Үрейі ұшқан тұрғындар үйден шығудан қалдық дейді. Жұрт қарақұрттың көбеюін биылғы су тасқынымен байланыстырады. Өйткені су басқан жерде түрлі зиянкестер күрт көбейеді, себебі інін су басып, табиғи қонысынан жырақтаған соң, жаңа мекен іздейді, дейді.
ҚҰРМАН ОРАЗЫМБЕТОВ, ТҰРҒЫН:
Биыл деген көп болып кетті. Тіпті арқама шығып кетті. Бесеуін ұстаған болармын. Аяқ астынан аяқпен таптап өлтірдім, ұрып өлтірдім. У шашып өлтірдім. Шағып үлгірген жоқ. Біз қолымызға ұстамаймыз ғой. Жылан болды. Мына арада су тұрды ғой. Су тұрғанда жыландар кәдімгі жорғалап жүретін.
Зиянкестерді улайтын мамандар да биыл жергілікті халықтың шағымы жиілегенін айтады. Қарақұрт қана емес, кененің де алуан түрі көбейіпті.
ТҰРСЫНБЕК УӘЛИХАНОВ, ДЕРКӨЛ КЕНТТІК ОКРУГІ ӘКІМДІГІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Тұрғындар шағымы бойынша әкімдік, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі және өзге де жауапты мекемелердің өкілдерінен комиссия құрылды. Шағымданушы азаматтардың үйіне барып, жағдайымен таныстық. Мердігер кешеден бері 4 көшені өңдеп жатыр. Бүгінде саяжайдағы 24 учаске дәріленді.