$486.44 €534.31 ₽5.06
×

"Энергия тапшылығына төтеп беру үшін АЭС ауадай қажет", - сарапшы

12.09.2024ж. 20:00
278
"Энергия тапшылығына төтеп беру үшін АЭС ауадай қажет", - сарапшы

Атом электр станциясын салу елімізді тек энергия тапшылығынан құтқармайды. Ядролық инженерия, ядролық физика секілді салалардың өркендеуіне зор үлес қосады дейді мамандар. Сондай-ақ ядролық медицина мамандығы жаңа серпін алады. Бұл арқылы аты жаман аурулардың емін табуға болатынын айтып отыр. Осы және өзге де ақпараттар "Референдум" айдарында. 

Елімізге атом электр станциясы ауадай қажет. Алдағы уақытта жер жаһан энергия тапшылығына тап болады. Сол тұста тығырықтан шығаратын жалғыз осы- АЭС. Мамандардың пікірі осыған саяды. Атомды бейбіт мақсатта пайдаланса түк зиянсыз, құны арзан энергия көзі. АЭС-тің айналасындағы апаттар адамның салғырттығынан болды дейді ғалымдар. 

ВЛАДИМИР ПОЕЗЖАЛОВ, ҒАЛЫМ:

Ең таза энергия көзі- атом энергиясы. Одан басқа баламалы энергияның барлығы түк тиімсіз деп есептеймін.Қазір Түркия атом энергетикасын жақсы дамытып жатыр. Араб елдерін алсақ та атом электр станциясын салып жатыр.Мұнайлы мемлекет болса да, АЭС-тің тиімді екенін түсініп отыр.Егер өзіміздің энергиямыз болса, бәрі арзандайды. Өнім бағасы арзандайды.Бәсекеге қабілетті боламыз.

Елдегі энергия өндіретін орталықтардың 70 пайызы ескірген. Қоршаған ортаға да айтарлықтай зиян келтіруде. Мамандар бұлай жалғаса берсе экологиялық проблемалар көбейе беретінін айтады. Сондай-ақ, көршілес елдерден алатын қуат көзі де арта береді. Мәселенің ең тиімді шешімі - Атом электр станциясын салу дейді. 

ДӘУРЕН ӘБЕН, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Әрине, жел энергиясы, күн энергиясы дейміз. Сол негізде істейтін станцияларды салуға болады. Бірақ ол энергия көздері ауа райына қолайсыздау болады. Сондықтан, энергия тұтынудың пик уақыттары дейміз, ең жоғарғы уақыттарында АЭС сияқты сенімді энергия көзі керек.

Қазір елімізде электр қуатының тапшылығы тәулігіне 1200 мегаватқа дейін барады. Бұл дегеніміз 600-800 мың халқы бар ірі қала жарықсыз отыр деген сөз. Егер елде АЭС салынатын болса, ол сағатына 28 млрд кВт қуат көзін өндіретін болады. Осылайша энергия тапшылығының 84 пайызының орнын толтырады. Басқа елдерден энергия сатып алу көлемі де азаяды. Бұл 100 млрд теңгеден астам қаржы үнемделеді деген сөз.