$487.37 €532.94 ₽5.09
×

Оқушы құпия жағдайда көз жұмды

12.09.2024ж. 20:00
479
Оқушы құпия жағдайда көз жұмды

Мектеп оқушысы құпия жағдайда көз жұмды. 14 жастағы жасөспірімнің денесі қараусыз қалған ғимараттың ішінен табылған. Үйсіз-күйсіз жүргендердің, ішімдік пен есірткіқұмарлардың ордасына айналған жерге оқушының қайдан тап болғаны әзірге белгісіз. Қазір тергеу басталды. Марқұмның әкесі кінәләлер анықталып, қатаң жазаға тартылуын талап етіп отыр. Оқиға болған аумаққа әріптесім Аружан Задабек барып келді.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Бұл – Астанадағы №5 мектеп. Ал мына ғимаратта күні кеше ғана 14 жастағы қыздың денесі табылды. Арасы 50-ақ қадам. Байқағанымыз маңайда бірде-бір полицей көрінбейді. Тіпті, қыздың денесі табылған жерге қоршаулар да қойылмаған.

Не полицей, не қоршау болмағаннан кейін қорқынышты ғимаратқа біз де кірдік. Қаңырап тұрғанына біраз болғаны көрініп-ақ тұр. Іші қоқысқа толы, қабырғалары опырылып жатыр. Ғимараттың ішінде бөтелке сынықтарынан аяқ алып жүру қиын.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Астананы дүр сілкіндірген оқиға осы жерде болды. Ал оқушы қыздың мәйіті дәл осы орыннан табылған. Бұл ғимарат бұрын балабақша болған деседі. Ал қазір маскүнемдер мен есірткіге әуес тұрғындардың ордасына айналған сынды. Оны мына дуалдарға жазылған жазудан байқауға болады. Мұнда адамдарды өлімге шақыратын жазбалар бар екен.

Оқушының денесі 10 қыркүйек күні кешкі сағат 9-дар шамасында табылған. Мәйітті осы жерден өтіп бара жатқан тұрғындар көрген. Артынша бірден полицияға хабарласады. Желідегі кей ақпараттарда марқұмның зиянды әрекеттерге әуес болғаны, көз жұмуына сол себеп болуы мүмкін деген ақпарат тарапты. Жасөспірімнің әкесі бұған өкпелі. Қызының салауатты өмір салтын ұстанғанын айтады.

ПАРТАК АЛЕКСАНДРЮК, МАРҚҰМНЫҢ ӘКЕСІ:

Қызымның мұнда қайдан тап болғанын білмеймін. Шын мәнінде не болғанын мен де білгім келеді. Қызымның қайтыс болғаны туралы айтқанда мен Қостанайда болдым. Төбемнен жай түскендей болды. Ол волейбол ойнағанды жақсы көретін. Зиянды әрекетін байқаған емеспін.

Жасөспірімнің бұл ғимаратқа қалай тап болғаны әлі де жұмбақ. Әкесінің айтуынша, денеде ешқандай жарақат болмаған. Қылмыстық іс қозғалды. Баланың жақындары медициналық сараптаманың қорытындысын күтіп отыр. Ол, шамамен, 30-40 күннің ішінде дайын болады.

СҰЛТАН БОСТАНОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПД БАЙҚОҢЫР АПБ ТЕРГЕУ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Өлімнің себебі анықталуда. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. ҚР Қылмыстық процесстік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге деректер жария етуге жатпайды.

Қайғылы оқиға болған ғимараттың қараусыз қалғанына 5 жылдан асқан. Дәл қасында мектеп орналасқаннан кейін күндіз ішінде балалар ойнайтын көрінеді. Ал кешке қарай үйсіз жүргендер жиналып ішімдік ішіп, мазаны алады дейді тұрғындар. Бұған дейін де бірнеше рет қылмыс болғанын айтады.

НАТАЛЬЯ АЛЕКСЕЕВНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Есірткі пайдаланады. Нашаны осында тығып кетеді. Ғимарат бірнеше рет отқа оранды. Қыздардың да зорланған кезі болған. Жанындағы мектеп оқушылары үшін алаңдаймыз. Кеше болған оқиға тағы да қайталануы мүмкін ғой.

Тұрғындар осындай жағдай қайтала бергеннен соң жергілікті биліктен нысанды бұзып тастауды өтінген. Бірақ оған әлі жауап жоқ.