$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Жер беріледі. Бірақ инженерлік инфрақұрылымдар тартылған соң...

AstanaTV
08.04.2017ж. 20:00
7841
Жер беріледі. Бірақ инженерлік инфрақұрылымдар тартылған соң...

Билік инженерлік инфрақұрылымдар тартылмай, жеке үй салуға жер телімдері берілмейтінін қадап айтқан. Сондай ереже қабылдаған. Біз әкімдіктерден ақпар сұрадық. Мысалы, биыл қанша участок дайындап қойдыңыздар? Кезекте қанша адам тұр? Мәселен, Қостанай қалайсында кезекте тұрғандардың саны 18 500. Берілетін жер телімі - 2300. Бірақ инфрақұрылым жүргізілген соң. Ал нақты қашан жүргізіледі, жер қашан беріле бастайды? Жауаптар анық емес. «Биыл басталады», «алдағы 2 жылда» - жылпып тұратын сынап сияқты. Негізі, жеке үйлерді инженерлік инфрақұрылымдар тартып барып салу – талқыламайтын мәселе. Басқасын былай қойғанда, тоғы жоқ, жолы жоқ жерге үй тұрғызу, әлі күнге дейін қанша адамның шашын ағартып жүр. Әлеуметтік жанжал да туды. Жазылмайтын өкпе де қалды. Оған парақор шенеуніктер алаяқтықпен үлестірген жерге үй салып, уайымнан ауру тапқан жұртты қосыңыз. Алған ақпарлардың кестесін Айбек Қосан жасады.

Ақтөбелік Бақытжан Жақсанов жер кезегіне 2004 жылы тұрған. Соңғы 4-5 жыл көлемінде тізім жаңарды ма? – деп, жауапты мекемеге жиі барады.  Қазір өзіне тиесілі жер учаскесінің қай ауданнан берілетінін білген. Бірақ ол аумақ шаһардан тым алыста жатыр.

Бақытжан Жасақов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Шилісай деген жер. Қаладан 35-37 километрдей. Жұмысқа қашық. БІздің жағдайға сәйкес емес. Транспорт қазір ол жақта жоқ. Коммуникацияны уақытымен үкімет істеуі мүмкін, бірақ әлі ол коммуникация толық  ол жерге жеткен де жоқ.

Облыс орталығынан 10 сотық жер алуға арыз бергендердің саны 113 мыңға жеткен. Ал, жергілікті билік тек 2003-2005 жылдары тіркелгендердің ғана еншісін бөліп берген. Биыл 2006 жылы арыз жазған 10 мың тұрғынның мәселесі қаралады. Қаладан алшақ жер берудің себебі, бас жоспарға сәйкес болашақта жаңа аудандар пайда болмақ. Ағайынға алыстан енші тиюінің себебін әкімқаралар осылай түсіндірді. Сонымен бірге әдеттегідей, алаяқтар аз емес.

Ұшқын Мыңбаев, Ақтөбе қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы:

Осындай фактілерге - жалған құжат дайындауға байланысты мәселені анықтадық.  Енді олардың барлығын тиісті органдарға жолдадық. Бүгінгі күні тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Ол жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылады.  Және кезекте тұрған адамдарға беріледі.

Жерді оңды-солды үлестірудің соңында саяжайлардың ауылдарға айналып, тиісінше, әлеуметтік-тұрмыстық проблемалар Орал қаласында да күшейген. Жер телімін алу үшін 69 584 адам тізімге тіркелген. Олардың ішінде кезегі келген 1000 адам 10 сотықтан алуы мүмкін, жақын болашақта. Бірақ нақты қашан? Белгісіз. Себебі, жобалық-сметалық құжаттама енді қолға алынып жатыр.

Ерлан Ғалиев, Орал қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы:

Орал қаласының аумағында бүгінгі таңда "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында 165 гектар жерде тәптіштелген жобалау жобасы дайындалуда. Бұл жерде әлеуметтік нысандар мен жол, т.б. есептей отырып, әрбір азаматқа 10 сотық жерден бөлгенде 1000 адамға жер телімін беру жоспарлануда.

Қарағанды облысында жеке тұрғын үй салу үшін жер алуға кезекке тұрғандардың саны 16 126. Оның 11 мыңнан астамы қарағандылықтар. Кезектің азаюы мұнда да тисті инженерлік инфрақұрылымның тартылуымен байланысты. Аймақта бұл мәселені шешуге 2016 жылы бюджеттен 2 млрд 354 млн ақша бөлінген. Бұл қаражаттың 1 млрд 860 млн. теңгесі Қарағанды қаласындағы Күнгей ауданына  жұмсалады. Жаңа ауданға үй салғысы келетіндер көп. Қаржының қалғаны шағын шаһарлар мен кент, аудан орталықтарына беріледі. Биыл 2700 жер телімі бар аумаққа жеке меншік тұрғын үй салынуы үшін жобалық сметалық құжаттар дайындалған. Бұл құжат бекітілсе, кезекте тұрған мыңдаған тұрғын өз баспаналарын салуға мүмкіндік алады.

Асхат Мәкенбаев, Қарағанды облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы:

Қарағанды, Жезқазған және Қарқаралы аудандарында биылғы жылы бұл инфрақұрылым жұмыстары толығымен аяқталып, 1880 жер телімі толық инженерлік инфрақұрылыммен пайдаға беріледі. Осы мақсатта бұған 940 млн теңге бөлініп отыр.

Қостанайда да жоба дайын. Алайда қажетті коммуникация тартуға нақты қанша уақыт кететіні белгісіз...

Жаңагүл Есетова, Қостанай қалалық  сәулет және құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

Қостанай қаласынан жер телімін алу үшін 18500 адам кезекте тұр.Қазіргі таңда 2300 участікке құжаттамалар детальді жоспарлау жобасы әзірленіп тұр.Бірақ  жер телімін беру жұмыстары  тек ғана коммуникация өткізілгеннен кейін басталады.Коммуникация өткізу биылғы жылғы жоспарда тұр.

Қазіргі таңда Павлодар қаласында инженерлік инфрақұрылымы дайындалған, сақадай сай тұрған жер жоқ. Ал кезекте тұрғандардың саны 13 мыңнан асады. Бұлардың дені 2007-2008 жылдары өтініш тапсырғандар. Жыл өткен сайын 10 сотық жер аламын деушілердің саны артып келеді. Облыс орталығында жеке меншік үйлердің құрылысы жоспарланған аумақтың  бірі – әуежай ауданы. Павлодарлық шенеуіктер де жер учаскелерін инженерлік коммуникациялар түгел дайын болғанда ғана үлестіретіндерін айтады. Сондай-ақ, тиісті жер телімін алғанымен тұрғындар баспаналарын өз қалауымен тұрғыза алмайды. Құрылыс бірыңғай сәулеттік стильде салынуы тиіс. Әйтсе де жобасы жоқ.

Ботагөз Кәрібаева, Павлодар қалалық жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары:

Қазіргі уақытта ол аумаққа сумен қамту жүйесі тартылған. Енді ол жерге электр желісін тарту жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Бұл шаруалар қалай аяқталады, жер телімдерін үлестіру жұмыстары басталмақ.

Атырау  облысында жағдай тіпті қиын. Мұнда әрбір алтыншы адам жер учаскесіне мұқтаж. Кезекке тіркелгендер 100 656 адам. Тек Атырау қаласындағылардың саны  81 511.  Қазір тек 2003 жылғы арыздар қанағаттандырылып жатқанын ескерсек, бұл кезек алдағы бірнеше жылда біте қоймас. Мұндағы шенеуніктердің де сөзі сол  -  "алдымен инженерлік-инфрақұрылымдық  жұмыстарды жүргіземіз".

Тілек Махуов, Атырау облыстық құрылыс басқармасының басшысы:

Қазіргі талапқа  байланысты бір ықшам аудан салынатын болса, соған инжеренлік салынбай тұрғын үйге жер берілмейді.

Халқының саны миллионнан асатын Жамбыл облысында да мәселе өткір. Айталық, қазір жер телімін сұраған азаматтардың саны 100 мыңнан асып кеткен. Бірақ 2015 жылдан бастап өтінімдер қанағаттандырылмай тұр. Қайта жандандыру шамамен 2018 жылы басталмақ. Облыс бойынша шаруа ожалықтарының еншісіндегі 1128 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылса, жер телімін беру мүмкіндігі туады екен.

Алмас Төлеубаев, Жамбыл облысы сәулет және қала құрылыс басқармасы бас жоспарды дамыту бөлімінің бас маманы:

Қазір облыс бойынша жеке тұрғын үй құрылысына өтініш білдірген халықтың саны 124 875 адам.  Соның ішінде кезекте тұрғаны қазір 98865 адам.

Оңтүстік Қазақстан облысында кезектегілердің саны 187 272 адам. Оның 100 мыңға жуығы ( 99 987)  Шымкент қаласының тұрғындары. 2015 жылы 1,4 млрд теңге, 2016 жылы  3,1 млрд теңге бөлінген. Биыл 3,2 млрд теңге қарастырылған. Жыл соңына қарай  алты ауданда  5677 жер пайдалануға тапсырылатын көрінеді.

Әмірбек Егізбаев, ОҚО құрылыс басқармасының бөлім басшысы:

2017 жылы біз өзіміздің облысымызда 6500 учаскеден астам  жерді қамтитын 10 инженерлік нысандардың құрылысын бастадық. Бұл біздің облысымыздың 8 ауданында орналасқан. Жыл қорытындысы бойынша 6 нысан пайдалануға тапсырылады.

Қызылорда облысында жер сұраған халықтың саны 89 мың, соның ішінде 49 мыңы облыс орталығында тіркелген. «Бәйтерек» мөлтек ауданын салу қолға алынып, 6600  жер телімі үлестерілген. Үй салуға кіріскендер бар. -Егер 3 жылдың ішінде жер мақсатты түрде қолданылмаса, мемлекет қайтарып  алуға құқылы,- дейді өкілетті органдар.

Асылбек Шәменов, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары:

670 гектар биылдыққа біз егжей-тегжей жоспарын әзірлеп, тағы қосымша 4000 азаматтарымыз жер үлестіріп алады деп қазір жоспарлап отырмыз. Биылдыққа осы жоспарларды әзірлеп, қаржыландыруға біз тиісті министрлікке ұсынатын боламыз.

Облыстардағы халық ерте ме, кеш пе, 10 сотық жерге қол жеткіземіз десе, Елордада тұратындардың үміті жыл санап сөніп барады. Соңғы рет жер 2007 жылы беріліпті. 2030 жылға дейін бекітілген бас жоспарда жеке тұрғын үй салуға бар-жоғы 15 мың жер учаскесі ғана қарастырылған. Ал өтініштің саны 117 мың. Бұл мәселені шешудің жолдары қазір талқыланып жатқан көрінеді. Бәлкім көпқабатты үй салып берер ме екен? Бірақ оның кезегі қалай болады? Онсыз да пәтерден үміттілердің саны асып жығылады. Сұрақ көп, шешімді алдағы жылдардан күтіңдер,-дейді басқармадағылар.

Айдын Молдағалиев, Астана қаласы жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

Осы мәселе жаңағы алгоритммен, уәкілетті органдармен жұмыс істеп жатырмыз, қабылданып жатыр. Бұл 2018 жылға дейін бекітіліп, көпшілікке жария етіледі. Жылдан жылға қосылып келе жатыр. Қазір айттым кеттім ғой, 117 мың адам кезекте тұр.

Инвестиция және даму министрлігінің құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің мәліметі бойынша өткен жылы инженерлік инфрақұрылымға  108,0 млрд. теңге бөлініп, 10,5 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Оның  5,2 млн. шаршы метрі немесе жартысынан көбі жеке тұрғын үйлер. Ал инженерлік коммуникация жұмыстары негізінен Ақтөбе, Маңғыстау, Алматы, Қызылорда, Жамбыл облыстарында жүргізу жоспарланған екен. Биылғы бюджеттен қанша қаражат қарастырылған? Жалпы, инфрақұрылым деп отырғанымыз не өзі?

Әйгерім Ибраева, ҚР ИДМ құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің бас сарапшысы:

Ағымдағы жылы көпқабатты тұрғын үйлер және жеке тұрғын үй аудандарында инженерлік желілердің құрылысына  83,4 млрд. теңге қарастырылған. 60 мың жер учаскелеріне желі тарту жоспарланған, оның ішінде 24,8 мыңы жаңа учаскелер. Инженерлік инфрақұрылым дегеніміз ол свет, суы бар. Сол инфрақұрылымға жатады. Жер үйлерге енді канализация, кәріздер өздерінен қазылады ғой.

Айбек Қосан, тілші:

Бұл материалды дайындау барысында Астана маңындағы, бірақ Ақмола облысына қарайтын Тайтөбе ауылы тұрғындарының жағдайы еске түсті. Биліктің барында басып қалған экс-шенеуніктердің арам әрекеттерінен зардап шеккен елдің мәселесін сол кезде облыс әкімі болған Кулагин шешіп береміз деген болатын. Қазір Кулагин жоқ. Бірақ проблема қалды. Олардың тағдыры әлі күнге қыл үстінде тұр. Тер төгіп алған жер телімдерін сақтап қала ма екен?..