$524.24 €612.94 ₽6.68
×

Қарағанды облысында 5 адам суға кетті. Су тасқыны қаупі азайған жоқ.

AstanaTV
08.04.2017ж. 20:00
3240
Қарағанды облысында 5 адам суға кетті. Су тасқыны қаупі азайған жоқ.

Қарағанды облысында су ағызып кеткен ағайынды екі кісінің денесі 4 күннен соң табылды. Сонымен берге Бесоба ауылынан 12 шақырым қашықтықта су шайып кеткен жолда әкелі-балалы және 13 -тегі жасөспірімнің опат болғаны мәлім. Олар мінген "Уаз" көлігі аударылып кетіп, суға батқан. Марқұмның туыстары Бесоба ауылының әкімін кінәлайды. Жүргізуші қауіпті аумаққа бастығының тапсырмасымен барған көрінеді. Ал төтенше жағдай департаментіндегілердің пікірінше, жапа шеккендер сел жүріп жатқанын көре тұра, бейнелеп айтқанда, «тежегішті емес, газды баса берген». -Сондықтан олар су тасқынының құрбандары қатарына жатқызылмайды, -деді. Премьер-министр де  -Адамдар өз басына қатысы жоқ секілді, үнемі бейқам жүреді, психология солай. Жолға шығуға болмайды, деп тыйым салып, алдын-алу шараларын күшейту керек,- дейді.

Қарағанды облысында бүгінге дейін 5 адам суға батып кеткен. Тасқын қауіпі сейілген жоқ. «Тәуекел түбі жел қайық, өтерсің де кетерсің» принципі мүлдем жарамайтын жағдай туралы Айжан Қуаш.

- Әйел жылап отыр...

Бұл отбасы тасыған судың кесірінен екі бірдей жақынынан айырылды. Олар - 56 жастағы жүргізуші Болат Әбілдинов пен оның 18-ге жаңа толған жалғыз ұлы Жанболат. Марқұмдармен бірге 13 жастағы  мүгедек бала Ерасыл Дарханұлы да суға батты.Олар Уаз көлігімен Қарақаралы ауданының Қарашоқы ауылынан Бесоба ауылына бет алған. Көлікте барлығы 13 адам болған. Сел жүріп жатқан жолда машина аударылып кеткен. Аталған үшеуінен басқа 10 жолаушы тірі қалды. Жүргізушінің нағашы ағасы Серік Қаппаров қайғылы оқиғаға Бесоба ауылының әкімін кінәлайды. Марқұмға көрші ауылдан жолаушыларды тасуды бұйырған сол ауыл басшысы екен.

Серік Қаппаров, марқұмдардың туысы:

Мен түсінбейтінім,ағамды неге кешкі сегізде ол жерге жібереді.Сағат жетіде ауылдың әкімі менің жеңгеме звондайды. Болат сөйлеседі. Қазір машина ал да, Қарашоқы жаққа барып, адамдарды алып кел,- деп тапсырма береді. Тапсырманы орындайды. Ол қасына баласын алады. Менің таңқалатыным комиссия мүшелері қайда? Судың деңгейін тексертпей жатып, өзі бармай жаңағы штабтың адамдары неге Болатты өлімге айдап салады?

Ауыл әкімінің қол астындағы жүргізушіге бұйрық берген, бермегенін құзыретті орындар ашып айтпай отыр. Дегенмен төтенше жағдай департаменті көліктің білім бөліміне тиесілі екенін растады. Жолаушылардың арасында учаскелік инспектор болғаны айтылды. Мекеменің мәліметінше, көлік «қауіпті аумақты» бақылауға жіберілген. Бірақ, қауіптілігін ескертетін белгі ол жолға қойылмаған.

Мұрат Қатпанов, Қарағанды облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

Белгі болған жоқ нақты өтуге болмайды деген. Лента арқылы, жаңағыдай әлде бір құм төгіп деген сияқты.Уаз осы жердегі переливті қадағалау үшін жіберілген болатын.

Алайда ол тапсырманың нақты кімге жүктелгені белгісіз. Қаншама жолаушының қайдан шыққанын да полицейлер анықтап жатыр. Оқиғаға қатысты ҚК-тің «Адам өлімі» бабымен іс қозғалды.

Бақытжан Құдияров, Қарағанды облыстық ТЖД баспасөз хатшысы:

Осы қылмыстық істің аясында жаңағы адамдар қаншалыққа ол жаққа өтуге тиіс болды? Оны қай жаққа жіберді? Осы қылмыстық істің аясында барлығы анықталады.

Қара жамылған ауылдықтар кісі өліміне әкеліп соққан оқиға үшін шенеуніктерді жауапқа тартуды сұрайды.Тұрғындардың айтуынша, жергілікті билік тасқынның алдын алмаған.

Серік Қаппаров, марқұмдардың туысы:

Жылда болатыны осы. Су сол жерден ағады. Әкімдер сол жерде болдырмайтын жағдай жасау керектігін біледі. Ең бірінші себеп, ол трубалар тазаланбаған. Сол су қайда барады. Таудан ақан су барған да,трубаның жанына келеді. Труба жабық, ол қайда барады? Екінші жақта көпір бар, Ол да жабық. Содан көтеріліп, жолдың бетін алады.

Жарлы ауылының екі тұрғыны да суға кетіп қаза тапты. 36 және 41 жастағы ағайындылар ауыл маңындағы Қопа өзеніне ағып кетті. Жылқы іздеп шыққан олар, тасыған судан өте алмай қалған.

Ибрагим Күлшімбаев, Қарағанды облыстық ТЖД бастығы:

Атпен екі жігіт малдын қарауға артқа қайтып келе жатқанда,қайтадан өтуге қорқып мына жақтан ағасын шақырған. Ол келіп тұрған. Одан біреуі өтем деп аттан сүрініп, асты мұз ғой. Сүрініп кеткен де, суға кетіп қалған. Екіншісі қарап тұрып, кетіп қалғанын көріп, құтқарам деп атпен кіріп кеткен.

Құтқарушылар суға ағып кеткен ауылдықтарды 5 күн бойы іздеп, әрең тапты.Үстінен сел жүргенмен, әлі де ери қоймаған өзен сүңгуірлерге кедергі келтірді. Ақыры мұзды жаруға тура келген. Марқұмдардың денесі оқиға болған жерден 2 шақырым қашыққа ағып кетіпті.

Ибрагим Күлшімбаев, Қарағанды облыстық ТЖД бастығы:

50 ден астам құтқарушы,Ұлттық ұлан сарбаздары, арнайы техника,қайықтармен іздедік. Қопа өзенінде оқиға болған жерден 1 шақырымнан кейін қабат-қабат мұз кедергі жасады, бізге. Мұзды жарғаннан кейіп іздестіру шараларының нәтижесінде таптық.

Адамдардың өмірін жалмаған тасқынға қарамастан, төтенше жағдай департаменті марқұмдардың су тасқынының құрбандары саналмайтынын мәлімдеді. Олардың пікірінше, жапа шеккендер жолда сел жүріп жатқанын көре тұра, қауіпсіздік ережесін бұзған.

Мұрат Қатпанов, Қарағанды облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

Елді мекендердің басын су алып,эвакуациялау кезінде суға батып кеткен болса, ол су тасқындарының салдары деп санауға болады,санау керек. Бұл адамдар өздері жаңағы жерге барып отыр ғой. Өздері жаңағы суға барып отыр.Оны біз қалай су тасқыны деп санаймыз?

Премьер –министр Бақытжан Сағынтаев адамдарды «бейқам» деп, тасқынның алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды. Ол құтқарушыларға ескерту шараларымен шектелмей, сөзден іске көшуге кеңес берді.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Себептің көптігі түсінікті. Оның ішінде адамдардың бейқамдығы да бар. Бірақ кей жерде мүлт кеткен сияқтымыз. Аймақтарда жағдай күрделенсе, жай ескертумен шектелуге болмайды. Тыйым салатын бекеттер қою керек. Далада су, жүруге, баруға болмайды деп өткізбей қою керек.

Қарағанды облысында жағдай әлі де күрделі. Шет, Қарақаралы, Жаңаарқа, Ұлытау, Бұқар жырау аудандарында 30-ға тарта жол аумағын су шайып үлгерген. 20 дан астам үй мен 50-ге тарта аулаға су кірген. 5 жүзге тарта адам, мыңнан астам мал  қауіпсіз аумаққа көшірілді. Біраз тұрғындар әлі де баспаналарына орала алмай отыр.

 - Міне, мына араға дейін су тұрды. Мынаны қазір қозғасақ, ар жағы қопсып түседі. Бер жағы әдемі боп тұрған обои ғана.

Жарлы ауылының тұрғыны Талғат Жансағымовтың үйінен су сорғызылғанмен, іші дым тартып тұр. Десе де, тасқынның күштілігінен қатты қорыққан зейнеткер аман қалғандарына қуанады. Бойын үрей билеген отбасы әлі де буынып-түйініп, қашуға дайын отыр.

Талғат Жансағымов, Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Жарлы ауылының тұрғыны:

Көзді ашып-жұмғанша, судың екпіні қатты болды. Енді шынын айтқанда, бір жарты метр биіктікте келді ғой судың толқыны. Түк те істеуге мұршамыз келген жоқ. Үйге атпен зорға өттім. Үйге келген соң, семьямды зорға алып шықтым.

Ибрагим Күлшімбаев, Қарағанды облыстық ТЖД бастығы:

Көбінесе, мына Қарқаралы ауданында және Шет ауданында осылай қарлар ери бастады. Сол еруімен жаңағы таулардан шыққан су ауыл жақтарға айналып келіп, қауіпті болды. Суды көріп тұрып, атпен болсын, машинамен болсын кіруге болмайды. Өте қауіпті.

Төтенше жағдайлар комитеті алдағы күндері Қарағанды мен Қызылорда облыстарында күннің күрт жылынуынан,өзен-көлдер еріп, тасқын күшейетінін ескертеді. Қарағанды облысында Нұра, Сарысу, Жаман Сарысу, Шерубай-Нұра өзендері жылдам қарқынмен ериді,-дейді мамандар.Олардағы судың деңгейі қауіпті мөлшерден анағұрлым көтеріліп кеткен. Ал, бұл аймақтағы 172 ауылды су басуы мүмкін деген сөз.

Айжан Қуаш, тілші:

Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын ерлі-зайыпты қариялар су басқан үйлерінде қайтыс болған еді. Кейін құзыретті орындар, олар эвакуация кезінде үйлерін тастап кетуден бас тартты деп мәлімдеген. Ал, осы жолы суға кетіп қаза тапқандар бейқамдықтарынан опат болды, -деп отыр. Сондықтан, кісі өліміне кінәлілер анықталып, жазалануы да екіталай.