$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Алматы облысында жер сілкінісінен кейін баспанасы жарамсыз боп қалған отбасы өтемақы ала алмай жүр

AstanaTV
13.09.2024ж. 10:29
149
Алматы облысында жер сілкінісінен кейін баспанасы жарамсыз боп қалған отбасы өтемақы ала алмай жүр

Алматы облысында жер сілкінісінен кейін баспанасы жарамсыз болып қалған отбасы әкімдіктен өтемақы ала алмай жүр. Көктемдегі жерасты дүмпулерінен соң қабырғасы сөгіліп, іргетасы отыра бастаған үйді мамандар апатты деп тапқан. Бірақ сотқа жіберілген талап-арыз қанағаттандырылмай, оларға қаражат бөлінбеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Жер сілкінгенде Лейлә Амринаның үйіндегі қонақ бөлменің қабырғасы сөгіліп кеткен. Олар зақым келген бөлменің қабырғасын толық бұзып, шатыр құламас үшін арнайы темірлермен бекіткен екен. Бірақ ылғалдан топырақ төмен түсіп жатыр дейді. Себебі екінші бөлменің қабырғасында да сызат пайда болып, ауладағы төселген тастар да бүліне бастапты.

“Өздері келіп қарап, сосын маған қорытынды шығарды. Ақша жоқ және Талғар ауданында төтенше жағдай болған жоқ деді. Сонымен өтемақы берілмеді”, – деді Алматы облысының тұрғыны Лейлә Амрина.

Екі тәуелсіз сараптама қорытынды бойынша қабырғадағы жарық жер сілкінісінің әсерінен пайда болды. Мамандар шығын көлемі 8 миллион теңге деп көрсеткен. Енді отбасы күн суытқанда не істерлерін білмей отыр. Өйткені ашық жерді ағашпен жауып қойғанда суық жел соғады дейді.

“Күнде қорқамын, түнде ұйықтамаймын. Себебі қабырға түссе не болады деп ойлаймын, қабырға тағы түсе ме?”, – деді ол.

Бесағаш ауылдық әкімдігінің қызметкерлері бұл оқиғаның екі нұсқасы бар екенін айтады. Бірі – көрші тұрған нысанның моншасынан су ағып, топырақтың ылғалдануына әкелсе, екіншісі жер сілкінісінен болуы мүмкін деп болжанған. Сараптама бойынша екінші нұсқа да расталғанымен, азаматтар сотқа шағымдануы керегін айтыпты.

“Сот талап-арызды қанағаттандырмау туралы шешім шығарды. Егер судья Бесағаш ауылдық округі немесе Талғар ауданы әкімдігін үйді қалпына келтіру немесе өтемақы беру туралы міндеттесе, біз оны іске асырар едік. Сондықтан олардың аппеляциялық шағым түсірулеріне құқығы бар”, – деді Бесағаш ауылдық округі әкімінің орынбасары Әлібек Рамазанов.

Жарты жылдан бері баспанасын қалпына келтіруге тырысып жүрген Лейлә Амрина істі соңына дейін жеткізбек. Ол сот шешіміне наразы боп, енді аппеляциялық шағым түсірмек.