$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Оралдық мұнай компаниясының заңсыз қызметі үшін ақы алып келгені анықталды

AstanaTV
07.04.2017ж. 20:00
2825
Оралдық мұнай компаниясының заңсыз қызметі үшін ақы алып келгені анықталды

Батыс Қазақстан облысындағы «Жайықмұнай» кәсіпорнының ісі сотта қаралып жатыр. Өңірді сұйылтылған газбен қамтитын бұл компания жеткізушілерге газды құйып бергені үшін де ақы алып келген. Бұл туралы БҚО табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің бастығы Мұрат Оспанов мәлімдеді.

Оның сөзінше, «Жайықмұнай» кәсіпорны былтыр ақпан айынан бастап құйылған газдың әрбір тоннасына 36 мың теңге сұраған. Осыдан кейін өңірде газ бағасы да күрт қымбаттаған болатын. Қазір сұйылтылған газ бағасы 63-70 теңге аралығында. Аймақтағы 200 мыңға жуық көліктің 6 600-ден астамы газбен жүреді. Дегенмен, мамандар, былтырғыдай газ тапшылығы тағы да туындауы мүмкін, дейді. Өйткені көлігіне газ орнатқандардың көбісі құжат рәсімдеуге асығар емес.

Мұрат Оспанов, БҚО табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің бастығы:

«Жайықмұнай» компаниясының үстінен әкімшілік іс қозғалды. Ол өзінің монополист екендігін пайдаланып, газ құю қызметі үшін ақы талап еткен. Қазір іс сотқа берілді. Енді мұнай өндіруші мекеменің кінәсі дәлелденсе, газ саудасынан түсірген пайдасының 5 пайызын мемлекетке төлейтін болады.