$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Атырау облысында есепте тұрған нашақорлар арасында 22 әйел бар

AstanaTV
13.09.2024ж. 19:16
198
Атырау облысында есепте тұрған нашақорлар арасында 22 әйел бар

Атырауда облысында 500-ден астам нашақор есепке алынған. Оның ішінде 22 әйел бар. Нашақорлардың басым бөлігін жастар құрап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Атырау облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Роман Ермұхановтың мәліметінше, жыл басынан бері заңсыз айналымнан 143 келіге жуық есірткі заттары тәркіленген.

«Жыл басынан бері облыста есірткіге қарсы құқық бұзушылықтың 120 дерегі тіркелді. Есірткі заттарын тасымалдап жүрген 35 адам ұсталды. Заңсыз есірткіні тасымалдаушылардың арасында 5 әйел, кәмелетке толмаған 1 жасөспірім бар», — дейді Роман Ермұханов.

Оның айтуынша, есірткі құралдары транзитінің жолын кесу үшін бірқатар іс-шара қолға алынған. Әсіресе, профилактикалық жұмысмқа назар аударылып отыр.

«Атырау облысында шамамен 500-ден астам нашақор есепте тұр. Есірткі тұтынатындардың арасында 22 әйел тіркелген. Нашақорлыққа салынатын жастар көбейді. Қазір жастардың үлесі нашақорлардың басым бөлігін құрайды. Осыған байланысты өзге құрылымдармен бірлескен жұмысты жандандыруға көңіл аудардық», — дейді Роман Ермұханов.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Марьяна Жанғалиеваның айтуына қарағанда, полиция қызметкерлері күндіз-түні қылмыспен күресу, алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмылған.

«Полиция қызметкерлері үкіметтік емес ұйым өкілдерін, еріктілер мен қоғам белсенділерін, спортшылар мен өзге де органдарды есірткіге қарсы профилактикалық жұмыс жүргізуге тартып отыр. Мақсатымыз — нашақорлықтың таралу қаупі туралы хабардар ету, саламатты өмір салтын насихаттау, есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдарын түсіндіру. Жыл басынан бері осы мақсатта 500-ге жуық іс-шара өткізілді», — дейді Марьяна Жанғалиева.