Қайғылы оқиға 15 қыркүйекке қараған түні 5 және 6 шағын аудандар арасындағы жолда болды. Маңғыстау облысының полиция департаменті оқиғаны егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомство мәліметінше, Toyota Camry жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып кеткен, ол алған жарақатынан сол жерде көз жұмды.
Жол-көлік оқиғасына кінәлі ұсталып, полицияға жеткізілді.
Кісі өліміне әкеп соққан адамның жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу фактісі бойынша ҚР ҚК 345-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясының мәліметінше, көз жұмған адам шамамен 40-50 жаста.