$516.93 €542.52 ₽4.98
×

Астанада «Алтын қалам» семинар-форумы өтті

Астанада «Алтын қалам» семинар-форумы өтті

Астанада «Алтын қалам» семинар-форумы өтті. ХХVI қалалық тіл фестивалі аясында ұйымдастырылған шараға елорданың зиялы қауым өкілдері қатысты. Қалалық тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ақын-жазушылардың басын қосып, қоғамдағы өзекті мәселелерді қаузады. 

Астанада Қазақстан Жазушылар одағының 180 мүшесі тұрады. Олардың қатарында қазақ әдебиетін сүбелі туындыларымен толықтырған қарымды қаламгерлер көп. Бірқатары бүгін Достық үйінде бас қосты. Зиялы қауым өкілдері елдегі елеулі оқиғаларды ортаға салды. Сондай-ақ қаламақы мәселесін де көтерді. Қазір қаламақы мүлде жоқ деуге болмайды. Тек белгілі тәртіппен беріледі, деді жазушылар.

САУЫТБЕК ӘБДІРАХМАНОВ, МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ:

Қаламақы бұрын шыққан кітабыңызға ешуақытта төленбейді. Тек ғана алғаш рет жарық көрген дүниеге. Демек, көп томдықтарға қаламақы төленбейді. Бұрын кітап болып шыққан шығармаларға қаламақы төленбейді. Ол да әділеттілік. Жаңа шығармаға мотивация. Жаңа шығарма беру тәртібі – әлеуметтік маңызы бар әдебиеттерге.

Шарадағы ең негізгі мәселе – тіл мен руханият. Қаламгерлердің айтуынша, қазір қазақ әдебиеті мен мәдениетіне сырттан келген түрлі күштердің кесірінен сына кіріп жатыр. Жазушылар осы мәселені дұрыс жолға қоюды ұсынды.

СЕРІКЗАТ ДҮЙСЕНҒАЗЫ,  Л.Н.ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ ФИЛОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ДЕКАНЫ:

Әлеуемттік желінің келуі, сонан кейін жаһандану интернеттің келуі біздің тілімізге көптеген зиянын тигізіп жатыр. Байқасаңыз тілдің шұбарлануы. Көп тілдердің келгені жақсы, бірақ топан су келгенде қоқыс келгені сияқты біздің жастарымыздың тілі қазір шұбарланып бара жатыр. Сонан кейін, тілдің арғы жағында тағы үлкен мәселе бар. Әрбір қаламгер көркем әдебиеттің өкілі өзінің шығармасының оқылғанын қалайды, оқырманы көп болғанын қалайды. Сондықтан жастардың тілінің шұбарлануы ол біздің әдебиетімізге үлкен зиянын тигізеді.

Қаламгерлердің ой-пікірі ел дамуына сүбелі үлес қосатынын белгілі. Сондықтан қала әкімдігінің өкілдері ақын-жазушылардың ұсыныстарын басшылыққа ала отырып, өз жоспарларын да пысықтап алатынын айтады.

СӘКЕН ЕСІРКЕП, ҚАЛАЛЫҚ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВ ІСІ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Қалалық әкімдік қаламгерлермен үнемі тығыз байланыста. Олардың ой-пікірін, айтқан ұсыныстарын үнемі негізге аламыз. Рухани салады, өйткені біздің қаламыз тек ғана материалдық жағынан ғана өспейді. Рухани салада біздің ақын-жазушыларымыздың да ұсыныстарын негізге ала отырып осы бағытта да қаланы дамытып жатырмыз.

Шара барысында Жазушылар одағындағы барлық қаламгерге 500 мың теңгеден қала әкімінің степендиясы берілді. Сыйақы осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отыр.