Негізгі / Жаңалықтар / EXPO-2017 халықаралық көрмесіне дайындық барысы кезекті рет пысықталды

EXPO-2017 халықаралық көрмесіне дайындық барысы кезекті рет пысықталды

ЕХРО аумағына қазірдің өзінде бір мың тоннадан астам түрлі тауарлар енгізілген. Бұл туралы Халықаралық көрменің логистикалық орталығымен таныстыру барысында Астана қалалық әкімшілік полиция басқармасының басшысы мәлімдеді.

27 мың шаршы метр аумақты алып жатқан орталықтың қызметін жүзден астам маман бақылайтын болады. Заманауи тексеріс құрылғыларымен жабдықталған орын бір күнде 140 көлікті толықтай тексеруге мүмкіндік береді.

Сабыр Жүсіпбеков, Астана қаласы ІІД әкімшілік полиция басқармасының басшысы:

Тексеріс кезінде тауардың химиялық құрамы және улы затты бөлуі туралы толық ақпарат аламыз. Сондай-ақ арнайы құрылғылар жүк көлігіндегі тауарлардың радиациялық мөлшерін бақылауға да мүмкіндік береді. Қазір біздің қызметкерлер жұмысқа жүз пайыз дайын.

Вице-премьер Асқар Мамин ЕХРО-2017 аумағынан ашылған өрт сөндіру бөлімінің жұмысымен танысты. Мұнда жүзден астам өрт сөндіруші қызмет атқарады. Заманауи техникамен жабдықталған 6 техника кез келген төтенше жағдайға дайын. Мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылған орталыққа бір миллиард екі жүз миллион теңге жұмсалыпты. 

Юрий Ильин, ҚР Ішкі істер вице-министрі:

Өрт шыққан жағдайда ЕХРО ғимараттарына санаулы минуттарда жетуге мүмкіндік бар. Көрмеден бөлек бұл аймақта тұрғын үй кешендері салынады. Сондықтан болашақта бұл орталықтың қажеттілігі зор.