$478.96 €533.03 ₽5.22
×

“Тәуелсіздік ұрпақтары“ бойынша 3 млн теңге грант беріледі

AstanaTV
18.09.2024ж. 06:15
104
“Тәуелсіздік ұрпақтары“ бойынша 3 млн теңге грант беріледі

Мемлекет басшысы тағайындаған "Тәуелсіздік ұрпақтары" грантына өтініш қабылдау басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. 

2024 жылы "Тәуелсіздік ұрпақтары" бойынша 3 млн теңгеден 30 грант берілетін болады.

Жобаның мақсаты - белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын мемлекет тарапынан қолдау.

Конкурсқа Қазақстан Республикасының он төрт жастан бастап, отыз бес жасқа дейінгі (34 жас қоса алғанда) азаматтары үміткер бола алады.

Гранттар 6 бағыт бойынша беріледі:

"Ғылым" - жаңа ғылыми жобаларды және зерттеулерді іске асыруға арналған;

"Мәдениет" - Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыруға арналған;

"Ақпараттық технологиялар" - жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды іске асыруға және әзірлеуге арналған;

"Бизнес" - жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған;

"Медиа" - жаңа медиа жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жобаларды іске асыруға арналған;

"Волонтерлік" - өзекті, әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған волонтерлік жобаларды (бастамаларды) іске асыруға арналған.

Үміткерлердің конкурстық өтінімдері 2024 жылғы 5 тамыз бен 6 қазан аралығында t.urpaktary2024@mail.kz электронды поштасы арқылы қабылданады.