$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Инвестициялық форум 100-ден астам ірі компания өкілдерінің басын қосты

AstanaTV
12.04.2017ж. 20:00
2816
Инвестициялық форум 100-ден астам ірі компания өкілдерінің басын қосты

Атырауда өткен инвестициялық форум 100-ден астам ірі компания өкілдерінің басын қосты. Олар 20 шақты мемлекеттен жиналған. Форум аясында Солтүстік Каспий аймақтық Global Oil&Gas көрмесі де өткізілді. Екі күнге созылған ашық әріптестік алаңында құны 3,3 млрд АҚШ доллары болатын 9 меморандумға қол қойылды. Бұл жиын отандық өндірушілер үшін тауарлар мен қызметтерді ұсыну ғана емес, инвестиция тартудың да бірегей мүмкіншілігі іспетті.

Бұл мұнай-газ саласындағы соңғы жаңалықтардың бірі - газсонник. Ирландия елінен шығатын құрылғы, кәсіпорындағы газдың ауаға таралғаны жайлы жедел хабар береді. Тіпті жел қай бағыттан соғып тұрса да, оның жұмысына кедергі жасамайды,- дейді көрмеге өз жаңалығын ала келген өндіруші компания өкілі.

Әлтайыр Жылгелдиев, көрмеге қатысушы компания өкілі:

Құрылғы ауаға таралған заттың газ немесе газ емес екенін де айыра алады. Бұл жалған дабыл қағылып, кәсіпорынның жұмысын тоқтатпау үшін қолайлы. Қазірдің өзінде Қашаған жобасындағы Қарабатанда 400-дей детектор орнатылған. Сонымен қатар Теңіз бен Қарашығанақта сынақтан өтіп жатыр.

Ал құрылыс саласы үшін таптырмас құрылғының бірі жер асты суы өте жақын аумақта баспана іргетасын құю кезінде топырақтағы суды сорып, құрғатады. Неміс тауарын өндірушілер оны осы көрмеде таныстырып, сәтті келісімшарт пен әріптестік түзуден дәмелі. Атырауда мұнай-газ секторындағы жабдықтар мен көлік және логистика саласында әріптестік орнатқан Бельгия Королдігі де келешекте құлашын кеңге жаюды көздеп отыр.

Мишель Петерманс, Бельгия Корольдігінің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

Бельгияда экономика әртараптандырылған. Бүгін өте қызықты және маңызды ақпараттарды тыңдадым. Бізді мұнай-химия, текстиль саласы, ауыз су тазарту жабдықтары мен экология саласы қызықтырады. 

Дания, Иран, Италия, Қытай, Нидерланды, Польша, Ресей, АҚШ, Швейцария сияқты дамыған 20-дан астам елден жиналған 100-ден аса компанияның өкілдеріне Атыраудың инвестициялық әлеуеті жан-жақты таныстырылды.

Нұрлан Ноғаев, Атырау облысының әкімі:

Қазіргі таңда Елбасының жүргізіп отырған саясатының негізінде инвестициялық ахуал тұрақты. Республикада, соның ішінде, Атырау облысында. Соның нәтижесінде көптеген компаниялар қызығушылық білдіріп, салған қаражаттарын кері қарай пайдамен, үстеме ақымен қайтарып алатынына қызығушылық танытып отыр.

Атырау - инвестиция тарту саласы бойынша елдегі көш бастап тұрған облыс. Тек былтырғы жылдың қорытындысымен инвестиция көлемі 2 трлн теңгені құрады, оның  жартысы - сыртқы инвестициялар. Ал екі күнге созылған форумда  құны 3,3  млрд АҚШ долларынн құрайтын 9 меморандумға қол қойылды.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ