$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Оралда қаржы жымқырды деген айыппен істі болған археолог бостандыққа шықты

AstanaTV
12.04.2017ж. 20:00
3353
Оралда қаржы жымқырды деген айыппен істі болған археолог бостандыққа шықты

"Көне қорымдарды қазу жұмыстарына бөлінген ақшаны жымқырды". Осындай айып тағылып істі болған Батыс Қазақстан облысының бас археологы Мұрат Сыдықов сот залынан бостандыққа шықты. Судьяның шешіміне сай, оның "қаржы жымқыруды мақсат етпегені" анықталған. Сондықтан екі жылға бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Алайда, Рақымшылық заңының шарапатына іліккен алпысты алқымдаған археолог қылмыстық жазадан құтылып, бостандыққа шықты.

Еркін Карин, тілші:

Орал қаласының "Құрметті азаматы", Тарих және археология орталығының директоры Мұрат Сыдықов, былтыр қыркүйекте "7 миллион теңгені жымқырды" деген күдікпен үйқамаққа алынған еді. Кейін тергеу кезінде бұл сома 2,5 млн теңгеге дейін азайды. Қомақты қаржы көне қорғандардағы қазба жұмыстарына бөлініпті.

Сот бірнеше айға созылды. Орталық директоры ақшаны ұрламағанын, керісінше, үнемдегенін айтудан жалыққан жоқ. Оның сөзіне сенсек, үнемделген қаржыны келер жолғы қазба жұмыстарына жұмсауды көздепті.

Гүлнар Гимадутдинова, Орал қалалық сотының судьясы:

Сот кезінде күдіктінің ақшаны жымқыруды мақсат етпегені ескерілді. Жиналған дәлелдер мен куәгерлерді тыңдай отырып, сот Сыдықовқа тағылған айыптарды өзге баптарға алмастыру туралы шешім қабылдады. Өйткені мемлекетке ірі мөлшерде зиян келгенімен, бұл қаржының ұрланбағаны анықталды.

Ескі қорғандарды қазу жұмыстарына бөлінген 15 миллион 300 мың теңгенің 11 миллионы - жұмысшылардың жалақысы. Амалын тапқан археолог оларға құжатта көрсетілген 4 мың теңгенің орнына 2 мың теңгеден төлеген. "Үнемделген" бірнеше миллион теңге кейін археологтың жұмыс сейфінен табылыпты.

Гүлнар Гимадутдинова, Орал қалалық сотының судьясы:

Ол бұл ақшаны болашақта жүргізілетін археологиялық зерттеулерге алып қалған. Сейфтен табылған ақша бумасында да осылай жазылыпты. Қаражат мемлекетке кері қайтарылды. Сонымен қатар, орынборлық зерттеу институтына аударылған 1 миллион 520 мың теңгені де өзі өтеді.

Еркін Карин, тілші:

Қалалық сот осы дәйектерді ескеріп, Сыдықовты сот залынан бостандыққа жіберді. Профессор өзіне қоғамдық қорғаушы болған қызына ризашылығын білдірді. Бірақ бәрінен шаршағанын, сондықтан тынығып алғысы келетінін айтып, сұхбат беруден бас тартты. Заң бойынша ол қайта шағым беріп, бұрынғы қызметіне орналасу құқығын даулай алады. Бірақ археологтың бұл салаға енді қайтып оралар-оралмасы әзірге белгісіз.

Еркін КАРИН