$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қарағандылық бағбандар экзотикалық жемістер өсірді

AstanaTV
12.04.2017ж. 20:00
6637
Қарағандылық бағбандар экзотикалық жемістер өсірді

Қарағандылық бағбандар климаты қатал Қазақстанда экзотикалық жемістер өсіріп үйренді. Топар кентіндегі жылыжай мамандары папайя, грейпфрут пен лимон, құрма ағаштарын жайқалтып, қыруар өнім алып үлгерген. Ең дәмді қызанақ, қиярымен аты шыққан жылыжай, тапсырыс болса, егістікті ұлғайтуға дайын. Тақырыпты агрономдармен кездесіп қайтқан тілшіміз Айжан Қуаш жалғастырады.

Бұл жерді бағбандар «Жұмақ бағы» деп атап кеткен. Өйткені ыстық жақта ғана өсетін тропикалық өсімдіктер көрер көзге ерекше. Оның үстіне лайм, лимон, грейпфрут пен папайя жемістерінің жұпар иісі көңіл жадыратады.

Айжан Қуаш, тілші:

«Бақта бүгінде 10 папайя ағашы өседі. Мамандар оларды сонау Қара теңізден әкелген. Ал, мынандай папайяны алу үшін 15 жыл уақыт жұмсапты. Өйткені бұл ерекше күтімді қажет ететін жеміс».

Бақтағы ауаның ылғалдығы 70 пайыздан кем емес, әрі, 30 градус жылы болуы шарт. Әйтпесе, жеміс ағаштары қурап қалады. Сондықтан агрономдар өсімдіктерді күндіз-түні бақылап, баптап отырады.

Лилия Коваленко, «Топар жылыжайлары» ЖШС бағбаны:

Жазда темпертураны тұрақты ұстау жеңіл. Ал, қыстың қақаған аязында ерекше күтім керек. Ол үшін қабырғалар мен топырақтың астына дейін жылу жүйесі тартылған. Үнемі тексеріп отырамыз. Қазақстанның климаты қатал болғандықтан, цитрусты жемістерді өсіру қиын.

Алайда, қиындықтарға қарамастан, агрономдар мол өнім алып отырғандарын айтады. Өткен жылы 40 тонна лимон мен жарты тоннаға жуық папайя, бір тоннадай грейпфрут жинаған. Мұнымен қоса, салат пен тағам дәмдегіш жапырақтар, қызылша, сәбіз, пияз өсіреді. Ал, әлемге әйгілі Топар қызанағы мен қиярының 4 жарым тоннасы нарыққа шығарылған. Мамандар жыл сайын жаңа сұрыптарды сынап, өнім сапасын жақсартуға талпынады.

Елена Журавлева, «Топар жылыжайлары» ЖШС бағбаны:

Біз негізінен голландиялық тұқымдарды өсіреміз. Олар-қымбат. Бір тұқым 3-4 теңге. Ал Ресейдікі 2-3 теңге. Сондықтан биыл Ресей, Франция, Голландия мен Жапония елдерінен келген 44 сұрыпты сынаққа алдық. Сыртқы көріністері ірі екен, піскен соң дәмін татып көреміз. Ең жақсыларын таңдаймыз.

Топар жылыжайының аумағы 20 гектар. Бұл жердің әр телімінен химиядан ада, табиғи таза өнім алынады,- дейді мамандар. Ол үшін арнайы биозертхана жұмыс істейді. Онда топырақтағы зиянкестерді жоятын түкті ара мен кішкентай насекомдар өсіріледі. Жәндіктер жұмыртқаларымен қоса топыраққа себіледі. Сөйтіп, жеміс ағаштары мен көкеністер еш дертке шалдықпай, табиғи өнім алынады. Дәл осы артықшылыққа шетелдіктер қызығушылық танытқан. Егер, жылыжайға қосымша инвестиция құйылса, мамандар экзотикалық жемістердің түр-түрін тонналап шығаруға дайын.

Айжан ҚУАШ