Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов денсаулық сақтау министрлігінің онкология, гемодиализ, паллиативті көмекке бөлінетін қаражатты қысқарту туралы шешімімен келіспейтінін және тиісті түзету енгізіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Өлім деңгейі ең жоғары болып, жылда жаман аурумен ауыратындар саны өсіп жатқан, маммографтардың 40 пайызы, эндоскоптардың 47 пайызы ескі болса, сәулемен емдеу тек қана 37 пайыз болса, проблемалар ушығып тұрса, біз неге осы шығындарды азайтуымыз керек деген сұрақ туындайды. Сондықтан біз бұл мәселені көтеріп жатырмыз және тиісті түзету беріп жатырмыз. Өйткені бұған жол бермеу керек», - деді депутат мәжіліс кулуарында.
Оның айтуынша, егер денсаулық сақтау саласына қосымша қаражат табу қажет болса, ведомство ақшаны басқа жерден іздеуі керек.
«Ең алдымен өздерінің хаттамаларын қайта қарауы керек. Өйткені бізде керек емес, қаптаған анализдер көп. Порталға қояр кезде анализ тапсырады, барғанда тағы анализ, жатқанда тағы анализ. Оның бәрі ақша емес пе? Тіпті қазір біздің қолымызда Жоғары аудиторлық палатаның ақпараты бар. Мысалы аспириннің ең жоғары бағасын белгілегенде, Ресейдегі бағамен салыстырғанда бізде үш есе жоғары дейді. Сол себепті біз ақшаны тиімсіз қарастырылған бағыттардан алуымыз керек. Дәрі-дәрмектің қымбат бағасын төмендетіп, керек емес зерттеулерді азайтып, министрліктің ішіндегі қажет емес шығындарды да қысқартуымыз керек. Сол арқылы жарты триллион теңгеге дейін ақша табуға болады», - дейді депутат.