$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Науқас балалардың суретін жариялап, алаяқтық жолмен 32 млн теңге пайда тапқан

18.09.2024ж. 20:00
989
Науқас балалардың суретін жариялап, алаяқтық жолмен 32 млн теңге пайда тапқан

Науқас балаларға ақша жинап жатырмыз деп алдап, 32 миллион теңге пайда тапқан. Қайырымдылықтың атын жамылып 6000 адамды алдаған күдіктіні полиция қолға түсірді. Осындай алаяқтарға жұрт неге оңай алданып қалады? Айбек Салдатбек жауап іздеп көрді. 

“Қайырымдылық” деген біздің жұрттың жанды жері ме дерсің. Естісе болды, ештеңе сұрамастан қалтасында барын бере салады.

Тамшыдай болса да үлес қосайын деп тиын-тебенін тастағандар да, бұрылмай кеткендер де кезікті. Һәм менің өтірігіме өшіккендер мен себепсіз сенгендер болды.

АЙБЕК САЛДАТБЕК, ТІЛШІ:

Мына жұпыны қорапшаға, мұндағы өтірік фотосурет пен реквизитке, тіпті менің қорда істеймін деген жалған сөзіме ешкім баса мән берген жоқ. “Шын ба?” деп сұраған да адам болмады өкінішке қарай. Біз дәл қазір аз уақытта жиналған осы бір ақшаны шынайы қайырымдылық жәшігіне салатын боламыз.

Алдап соғып тиын-тебен тапқаның түк емес. Алматы облысында науқас балалардың суреттерін жариялап, 32 млн теңге пайда тапқан күдікті күні кеше қолға түскен еді. Ол Талғар ауданында тұратын балаларды емдеуге қаражат жинаймыз деген сылтаумен инстаграмда жалған парақша ашқан.

БАУЫРЖАН АЛЕНОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСТЫҒЫ:

Күдікті онкологиялық аурумен ауыратын балалардың суреттерін пайдаланып, жалған банк картасының деректемелерін орналастырғаны белгілі болды. Ақша қаражаттарының қозғалысын бақылап, алаяқты анықтауға мүмкіндік туды. Жалған есеп шотқа 6 000-ға жуық ақша аударымы жасалып, жалпы келтірілген залал 32 миллион теңгеден асты.

Қой терісін жамылған қасқырлардың көп екенін “Харекет” қайырымдылық қорының өкілдері де растап отыр.

БАЯН АМАНЖОЛ, “ХАРЕКЕТ” ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОРЫНЫҢ ВОЛОНТЕРІ:

Осы жақында жағдай болды ғой сол, ақша сұрап, кезегін жылжытуға және оның үйге кезекке тұрғызуына ақша сұраған. Біздің қор ондай үйге кезекке тұрғызуға, кезекті жылжытуға ешқашан ақша алмайды және алған да емес. Бір тиын да жібермеулеріңізді сұраймыз жалпы халықтан.

Қоғамдық көлікке кіріп, науқастардың еміне қаражат жинап жүретін волонтерлер де заң аясындағы шарт негізінде ғана ақша жинай алады. Жақсылық жасап жарысқан жақсы, бірақ кімге жасап жатқаныңызға да бір сәт зер салып қойған абзал.