Алматы облысы Жалпақсай ауылында жеке тұрғын үйде газ жарылып, пәтер иесі көз жұмды. Ал, екі қабатты баспана толығымен қираған. Жедел құтқару жасағы жазатайым жайт туралы қоңырау түскен бойда мекенжайға жылдам жеткен. Дегенмен, зардап шегушінің өмірін сақтап қалу мүмкін болмапты. Құтқарушылар үйінді астынан ер адамның мәйітін алып шықты. Одан бөлек, газ жарылысының қатты екпінінен көршілес ғимараттардың терезесі шытынап, қираған. Бір үйде екі пәтер орналасқан көрінеді. Оқиға кезінде бірінші баспанадағы әйел жұмыста болған. Ал, екінші шаңырақтағы алты адам дін аман.
МЕРУЕРТ МОРЯКОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Оқиға салдарынан үй иесі мерт болды. Марқұмның денесі мәйітханаға жіберілді, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Болған оқиғаның барлық жағдайлары анықталады. Тергеу жүргізілуде.