$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Енді мопед иелері мемлекеттік нөмір тағып, жүргізуші куәлігін алуға міндеттеледі

19.09.2024ж. 20:00
326
Енді мопед иелері мемлекеттік нөмір тағып, жүргізуші куәлігін алуға міндеттеледі

Енді мопед иелері мемлекеттік нөмір тағып, жүргізуші куәлігін алуға міндеттеледі. Сенат бүгін тиісті заң жобасын мақұлдап, Президенттің қол қоюына жіберді. Құжатта көлікті масаң күйде айдағандар үшін де жазаны күшейту қарастырылған. 

Талайдан бері талқылауда жүрген заң жобасына бүгін сенат нүкте қойды. Көлік құралдарын реттеу бойынша 3 заңнамалық актіге өзгеріс енгізіп отыр. Соның бірі -мопед тізгіндегендерді тіркеуге алу. Оларға жүргізуші куәлігін алу да міндеттеледі. Бұл -жол ережесін бұзатындарды бейнебақылау камералары арқылы тез анықтау үшін қабылданған шара. Себебі, қазір мопедтердің қатысуымен болатын жол апаты көбейген. Биыл 8 айда 962 жол апаты болған. 39 адам қаза тапты.

ИГОРЬ ЛЕПЕХА, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бүгінде «Сергек» және басқа да бейнебақылау камералар арқылы мопед жүргізушілерінің кім екенін анықтау мүмкін емес. Яғни мопедте мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ. Осыны пайдаланып, олар әдейі жол ережесін бұзады.

Бұдан бөлек «Жол жүрісі туралы» заңға «орташа жүру жылдамдығы» деген ұғым енгізілді. Орташа жылдамдық автокөлік жүріп өткен халықаралық, республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдар учаскесінің ұзындығын осы қашықтықты жүріп өткен уақыт аралығына бөлу арқылы анықталады. Депутаттардың айтуынша, мұндай тәжірибе Еуропаның Франция, Ұлыбритания, Ирландия, Бельгия сынды бірқатар елінде сәтті жүзеге асырылып жатыр.

БОЛЬГЕРТ ЕВГЕНИЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Осы ұғымды енгізу сертификатталған арнаулы бақылау-өлшеу техникалық құралдары мен аспаптары орнатылған жолдың барлық учаскесінде жүргізушілердің жылдамдығын төмендетуге, сондай-ақ жылдамдық режимін асыру салдарынан болатын жол апаттарының санын азайтуға мүмкіндік береді.

Заңнамада көлікті масаң күйде тізгіндегендер үшін де жаза қатаңдатылды. Ондай азаматтар енді 7-8 жылға куәлік алуға қайта емтихан тапсыру құқынан айырылады. Құжатта кейбір заңнамаларға жеңілдіктер де қарастырылған. Мәселен, көлік жүргізушілері тәуліктің жарық уақытында жарық шамдарын пайдалану қағидаларын бұзған жағдайда оларға ескерту беріледі. Ал қолданыстағы нормадан балама жаза ретіндегі айыппұл алынып тасталады. Сенат Төрағасы еліміздің әр өңірінде тіркелетін жол апаттары қоғамды қатты алаңдатып отырғанын атап өтті.

МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Президентіміз Жолдауда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше тоқталды. Бүгін қаралған заңдар жол қозғалысын ұйымдастыру мәселелері бойынша заңнаманы одан әрі жетілдіруді көздейді. Жол қауіпсіздігін одан әрі цифрландыру ісі де назардан тыс қалған жоқ. Мақұлданған заңдар жолдағы қауіпсіздікті арттыруға өз септігін тигізеді деп сенеміз.

Мұнымен қоса, көлік құралдарына техникалық байқауды жүргізетін ұйымдарға қойылатын талаптар да қайта қаралды. Техникалық байқауды формальды жасағандар үшін айыппұл мөлшері 2-3 есе артып, оператордың қызметіне арналған рұқсаттан айыру түрінде қосымша санкция белгіленіп отыр.