$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Тағы да «Ни ісі» бойынша...

AstanaTV
06.05.2017ж. 20:00
1527
Тағы да «Ни ісі» бойынша...

Тағы да «Ни ісі» бойынша. «Прокуратура туралы» заң жобасын таныстырғанда Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко былай депті:

Андрей Кравченко, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

Біз адамды аса ауыр қылмыс жасады деп айыптап отырмыз. Тіпті айыптап та емес, «бітті, ол қылмыскер» деп жатырмыз. Бірақ сіздер Конституцияға үңілсеңіздер, онда қылмыскер деп тек сот үкім шығара алатыны жазылған. Сондықтан әрдайым тек соттың қарауын, сот шешімін күткен абзал дегім келеді. 

Қадағалаушы органның жоғары лауазымды қызметкері Кравченко «сотта қылмыстық іске қатысты сан түрлі жағдайлар мен детальдар шығады» дей келе, «Ни ісі» бойынша шешім шығарған Алматы қалалық сотының судьясы Бақытжан Қарамановты ...сыйлайтынын айтқан. 

Андрей Кравченко, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

Судьяның қандай себеппен осы шешімді шығарғанын білмеймін. Әйтсе де мен оны заңгер ретінде сыйлаймын. Судья қандай да бір аргументтер мен детальдарға назар аударған ғой.

Василий Нидің пара алып жатқан жерінен ұсталғаны туралы қарсы аргументті Бас прокурордың орынбасары комментарийсіз қалдырыпты.

«Қорғас» шекаралас ынтымақтастық орталығының бұрынғы президенті, «1 миллион доллар пара алды» деген айыппен былтыр күзде ұсталған Василий Ни мен оның әріптесі Махаббат Сайдуллаеваның қылмыстық жауапкершіліктен босатылғаны мәлім. Әлеумет дүр еткенін өткен аптада егжей-тегжейлі баяндадық.

Джохар Өтебеков, адвокат: 

Мен аса ауыр коррупциялық заң бұзушылық үшін қылмыстық жауапкершіліктен босатып жіберу дегенді алғаш рет естідім. Себебі қазіргі заңнамаға сәйкес, бас бостандығынан айырмады деген күннің өзінде алған парасының көлемін 10 еселеп, мемлекет есебіне қомақты айыппұл төлету көзделген. Сот Ни-ді бас бостандығынан айырмаса да, сол жазаны қолдануына болушы еді, бірақ біз ондай жазаны да көрмедік. Мүлкін де тәркілеген жоқ. Бұл өте таңқаларлық үкім болды. Мұндай жағдайда кейде айыпталушы өз жақтастарының бірін жығып беріп, өзі құтылып жататын, алайда олай да болған жоқ. Алматы қалалық сотының сөзін түсінбедік. Ол алған ақшаны жұмсап үлгерген жоқ, сәйкесінше мемлекет есебіне зиян келген жоқ дейді, алайда, бұл қылмыс параны қалтаға басқаннан-ақ, жасалған болып есептеледі.