Осы аптада "Аэрофлот" әуекомпаниясының Мәсеуден Бангкокқа бет алған Boeing 777 ұшағы «әуе шұңқырына» түсіп, ұшақ жерге қонғанда 27 адам ауруханадан бір-ақ шықты. Сүйектері сынғандар бар.
"Аэрофлот" бортта 313 жолаушы болғанын хабарлады. Жарақаттандардың 24 ресейлік, 3-і Таиланд азаматтары. Қатты серпіліс ұшақты 100-200 метр жоғарыға көтерген, қауіпсіздік белдігін тағынбаған жолаушылар инерциямен құлаған. Әуе компаниясы экипаждың ескерту жасау мүмкіндігі болмағанын мәлімдеді - Boeing 777 түскен тербеліс, авиацияда «ашық күндегі тербеліс» деп аталады, оның ерекшелігі, бұлттардың арасында емес, тап-таза аспанда, ашық күнде пайда болады. Ал радиолокатор оның жақындағанын сезбейді, - деген.
Соңғы уақытта еліміздің азаматтық авиация саласында да төтенше жағдайлар көбейіп кетті. Сарапшылар Инвестициялар және даму министрлігінің құрамындағы азаматтық авиация комитетін жеке-дара министрлікке айналдыру керек деп отыр. Айтпақшы, осы аптада комитеттің төрағасы Бекен Сейдахметов өз өтінішімен қызметінен кетті. Ал сәуір айының басында Бас транспорт прокуратурасы министр Ж.Қасымбекке Сейдахметовтің қызметіне лайық па, жоқ па екенін қарауды ұсынған еді.
Көпшілік үшін қол жетпейтін мамандықтың бірі - ұшқыш. Көк жүзінде темір қыранды тізгіндеу кез-келген адамға бұйыра бермейді. Бірақ ұшқышқа тән қасиеттің барлығы бойында бар ақсақалмен танысыңыздар - Мақаш Әбішев! Оның әулетінің «Гиннесс рекордтар» кітабының ұшқыштар династиясы бөлімінен ойып тұрып орын алар жөні бар. Иә-иә, әуе кемесін тек өзі ғана бағындырған жоқ. Өзі таңдаған мамандыққа балаларын да баулыды. Тұтас бір әулеттің ер-азаматтары аспан ұлдары!
Мақаш Әбішев, бұрынғы пилот, авиация ардагері:
Мен 4-сыныпта оқып жүрген кезімде ұшақтың моделін көрдім. Соны көре салып, көзім жайнап, ұшқыш болуды армандап кеттім. Біз Жамбыл қаласында тұрдық. Совет Одағының 3 мәрте батыры Иван Кожедуб оқыған және әуеге көтерілген аймақ тура біздің үйдің жанында болды. Өзім теміржолшының баласымын. Жалпы содан да ма, көлік атаулыға әуес едік. Мен өмірімді авиацияға арнадым деп айта аламын. 9-сыныптан соң, ұшқыштар училищесіне түсіп, алғаш рет «Бро-11» әуе лайнерімен әуеге көтерілдім. Содан бастап 40 жыл өмірімді авиация саласына арнадым.
Қиялы тек көкке шарықтаған адам ақыры арманына жетті. Ол аспанның әдемілігін көрген жан. Бірақ бұл кереметті тамашалау мүмкіндігіне ие болғаныңмен, жауапкершілік туралы бір секунд та ұмыта алмайсың. Себебі тек бір сапарда жүздеген адамның тағдыры сенің қолыңда тұрады. Ұшқыштар арасында «Ең қауіпсіз ұшақ – қимылсыз тұрған ұшақ» деген сөз бар. Өйткені көкке көтерілген ұшақта кез-келген сәтте апатты жағдай орнауы әбден мүмкін нәрсе. Сондықтан ұшқыштарға бір рет қателесу мүмкіндігі берілмеген. Сондай сәттің бірін Мақаш ақсақал былай еске алады.
Мақаш Әбішев, бұрынғы пилот, авиация ардагері:
1980 жылы Олимпиадаға ішкі істер саласының қызметкерлерін алып бара жаттым. 7500 метр биіктікте Мәскеу аймағында қатты найзағай ойнап, табиғаттың дүлей мінезіне тап болдық. Ұшу қиындай түсті. Тіпті ұшақты ары-бері лақтыра бастады. Ондай жағдайда сөйлеуге мұршамыз болмады. Бірақ білім мен тәжірибенің күшімен Внуковоға аман-есен қондық. Апатқа ұшырамау - көбіне экипаждың дұрыс шешім қабылдауына байланысты.
Жауапкершілікті бірінші орынға қоюынан шығар, оның бақалардың өмірі үшін де алаңдаған сәті болған. Бірнеше жәшік бақаны тапсырыс берген аймаққа жеткізетін күні ауа-райы күрт бұзылып, әуеге көтерілу мүмкіндігі азаяды. Әйтсе де үскірік аяздан қосмекенділер үсіп өледі деп, ұшуға бел байлайды. Ал сәлден кейін жылынған бақалар бақылдай бастағанда жүрегім жарылып кете жаздады, - деп әбден күліп алды, ардагер ұшқыш.
- Включили печку, они заквакали, на душе стало легко
Ардагердің жұбайы бортсерік қызметін атқарған. Ұлы Ербол да ұшқыш. Халықаралық рейстерге шығады. Жол сапарда болған азаматпен кездесудің сәті түспеді.
Айгүл Ермахан, тілші:
Мақаш ақсақалдың немересінің де тілегі – ұшқыш болу. Мақсатқа жету үшін ол авиациялық академияны таңдады. Қазір 3 курста оқиды. Жас курсант ұшаққа отырмас бұрыс осы тренажерда жаттығады. Түрлі тапсырмаларды орындап, білімін сынайды. Компьютерлік графиканың арқасында ойша ұшып, атасының жүріп өткен жолының оңай емес екеніне көз жеткізіп жүр.
Айдар Әбішев, болашақ пилот:
Атамыз бастаған істі жалғастыруды қолға алдық. Көбі қорқады. Бұл мамандық қиын дейді. Ал негізінде статистика бойынша әуе кемесі ең қауіпсіз көлік түрі болып саналады... Құс сияқты қалықтап, бірнеше тонналық салмағы бар ұшақты емін-еркін өзің басқарасың. Қандай еркіндік десеңізші! Бұл сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес!
Ұшқышқа тән қасиет - жауапкершілік пен жоғары интеллект. Түрлі жағдайдан тек кітап бетінен жиған-тергеніңмен шыға алмайсың. -Миды жан-жақты дамытып отыру басты міндет, - дейді жас ұшқыш.
Айдар Әбішев, болашақ пилот:
Оқу барысында 20 сағат ұшып көрдім. Табиғаттың тосын мінезімен бетпе-бет келгенде тіпті тәжірибелі ұшқышың да есеңгіреп қалады. Тек оқығаның мен зеректігіңді қоссаң бәрі ойдағыдай болады. Әкем жиі ұшады. Ұшақ шоссиі ашылмай қалған жағдай ол кісіде көп тіркелген. Бірақ ереженің арқасында сәтті қонып жүр.
Айтпақшы Айдардың жары да болашақ ұшқыш. Әйел затының арасында әуе кемесін тізгіндегісі келетіндер сирек. Айдардың айтуынша, Аида ұшқыштар династиясының дәстүрін берік етуге үлес қосқысы келеді екен. Мақаш Әбішевтің 15 жастағы немересі Жантуар да ата жолын жалғастырмақ ниетте.
Өз ісінің білгірінен қазіргі ел авиациясының даму қарқынын сұрадық.
Мақаш Әбішев, бұрынғы пилот, авиация ардагері:
Айтатыным, азаматтық авиацияны жеке бөлу керек. Біресе көлік, біресе инвестиция министрлігіне қарайды. Жеке дара азаматтық Авиация министрлігі болса, ел авиациясының дамуы бұдан жоғары қарқын алар еді. Олай дейтінім Азаматтық авиация комитетінің қазір қандай да бір шешім қабылдауға өкілеттілігі де, құқығы да жоқ. Олар ешкімге нұсқау бере алмайды.
Бала күнінен көкте самғауды армандаған Мақаш Әбішев өз саласының батыры. Өйткені көптің жүрегі дауаламайтын мамандықты таңдады. Қазақстанның төлқұжатымен ұшамын деген мақсат қойып, кезінде ел авиациясының дамуына шама-шарқынша үлес қосты. Мереке қарсаңында ізін басқан жастарға құттықтауын жеткізді. Өтініші де бар – кәсіпке деген адалдықтан айнымауға шақырды. Сұхбат соңында айтқаны: Жаратушы неше рет жаратса да тек аспанға қалықтар едім, тек ұшқыш болар едім!
Айгүл Ермахан, Марат Қалдыбаев, Игорь Волох, «Біздің уақыт»