Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Қызылжарда құжаты жоқ үй иелеріне қайырымдылық қорлары қол созуы мүмкін

AstanaTV
05.05.2017ж. 20:00
2558
Қызылжарда құжаты жоқ үй иелеріне қайырымдылық қорлары қол созуы мүмкін

Тасқын судан зардап шеккендердің үй құжаты болмаса, өтемақы ала алмайды. Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Антон Федяев осылай деп мәлімдеді. Ал өтемақы алу үшін өтініштер мамырдың 27-сіне дейін қабылданбақ. Бұған дейін үйінің құрылысы аяқталмаған тұрғындар өтемақы берілмейтінін айтып шағымданған еді.

Антон Федяев, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

Әрбір үйдің құжатын қарау керек. Өтемақы төлеудің заңмен бекітілген ережесі бар. Міндетті түрде үйге қажетті құжаттардың барлығы болуы тиіс. Бірақ Ғабит Мүсірепов ауданында кейбір үйлердің құжаттары болмады. Оларға ақша өзге қаражат көздерінен берілді. Яғни үйлерін салып бітірмеген адамдарға қайырымдылық қорлары көмек беруі мүмкін.

Антон Федяевтың айтуынша, бүгін Петропавлда тасқын шарықтау шегіне жетпек. Бүгінде судың деңгейі 11 метр 86 сантиметрге көтерілген. Кей аралықтарда Есіл өзені 12 шақырымға дейін жайылған. Өңірде апатқа тап болған 400-ге жуық үйдің 224-і әлі де судан арылар емес. Эвакуацияланған 3 мыңға жуық адамның көбі үйлеріне қайта оралған. Әзірге тасқынның зардабын әсіресе Былғары зауыт кентінің тұрғындары тартып отыр. Мұндағы 115 баспанаға су кірген. Бұл елді мекенде ірі апат қайталанбас үшін, билік өкілдері былтыр соғылған бөгетті ұзарту жөнінде шешім қабылдады. Ұзындығы 800 метр болатын дамбаны тағы 2900 метрге созу жоспарланып отыр. Бұл жобаны іске асыру үшін 2,5 миллиард теңге қажет, дейді атқамінерлер.