$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қазақ қыздарының құны «Камриден» арзан – блогер қалың малдың құнын өсіру керек дейді

AstanaTV
20.09.2024ж. 17:42
228
Қазақ қыздарының құны «Камриден» арзан – блогер қалың малдың құнын өсіру керек дейді

Желіде микрофон алдында сөйлеген Гүлжан атты әйелдің сөзінше, үйленіп жатқан азаматтар қыз беріп жатқан ата-анаға бір-бір жарым млн теңге беріп құтыла салады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазақтарға қалыңмалдың бағасын 10 млн теңгеге дейін көтеру керек. Қазақтың қыздарының бағасы Камриден де төмен түсіп кетті. Бір, бір жарым млн теңге беріп құтыла салады. Мен мысалы оған өте қарсымын. Саудаласып жатқан жоқпын немесе қызды сатып жатқан жоқпын. Бұл жерде қазақ қызының құндылығын, өзіміздің салт-дәстүріміздің құндылығын қайтадан жаңғыртып, көтеру керек деп ойлаймын», - дейді ол.

Блогер құдалардың сыйластығы мен жас жұбайлардың бір-біріне құрметі ақшаға тіреліп тұр деп санайды.

«Түріктер қыз алу үшін бәленбай келі алтын береді, бірақ ажырасу деген нәрсе жоқ. Біз бүкіл дүниежүзі бойынша ажырасудан бірінші орынды алып тұр екенбіз. Оның себебі құнсыздандырудың кесірі. Егер біз бір қыз алу үшін 10 млн теңге беретін болсақ, екі жақтың да бір-біріне деген қарым-қатынасы басқаша болады. Қыз баланың алдындағы жігіттің де абыройы жоғары болады», - дейді Гүлжан.

Желі қолданушылары Гүлжанды сынап тастады.

«Қазақ қызының қалыңмалын емес, тәрбиесін көтеру керек. Ұлттық тәрбие мен арын сақтаған қазақ қызы болуын қадағалау керек», «теңін тапса тегін бер», «бес ұлың болса көрерміз», «10 млн теңге беріп, ажырасып жатқандар бар», «қыз саудаласатын мал емес, қызыңа өзің тәрбие бер, бірақ саған да тәрбие беру керек сияқты», «қайдағы 10 млн, Қазақстанда сондай табыс көзі бар ма», «қызды машинаға теңегенді сенен көрдім», деп пікір қалдырыпты көпшілік.