Еуропада тасқын құрбандарының саны минут сайын өсіп жатыр. Табиғат апатынан Румыния, Польша, Чехия, Австрия мен Словакия тұрғындары жапа шеккен. Венгрия мен Италияда да осындай жағдай. Синоптиктер тағы жаңбыр жауып, өзендердің таситынын айтты. Қазір тұрғындар жан-жақтан көмек сұрауға көшкен. Өйткені жергілікті билік халыққа көмектесуге құлықсыз, - дейді. Толығырақ Аружан Задабек айтсын. Эфирде - «Жер-жаһан» айдары.
Қайырлы кеш, көрермен! Су тасқыны бізге тансық тақырып емес. Осы жылы оның зардабы қандай боларын білдік, көрдік. Жұрт болып жұмылдық. Ең бастысы, мемлекет тарапынан қолдау барын аңғардық. Ал Еуропа елдері дәл қазір осы көмекке мұқтаж.
Италия дүлей дауыл мен толассыз жауын салдарынан су астында қалды. Қазір зардап шеккен аймақтардан 2 мыңдай адам қауіпсіз жерге көшкен. Марке мен Тоскана аудандарындағы мемлекеттік мекемелер мен мектептер жабылды. Жол-көлік қатынасы да тоқтаған. Дәл осы аумақта былтыр да су тасқыны болып, 17 адам қайтыс болған еді. Одан 10 млрд доллар шығын келген.
ДЖАНФРАНКО МАРКОЛИН, ЕРІКТІ:
Бұл өте қорқынышты. Апат қайтадан қайталан,уы мүмкін. Мұны елеусіз қалдыруға болмайды. Оның салдарын көрдік. Жаңбырдың тоқтамай жауып жатқанына 36 сағат болды. Осылай жалғаса берсе не боларын елестетудің өзі қиын.
Польшада бір айға төтенше жағдай режимі жарияланды. Өйткені тасқын қаупі әлі сейілген жоқ. Ахуалға байланысты барлық мекемелер мен 350 мектеп пен балабақша жұмысын уақытша тоқтатқан. Тұрғындар алда тағы жаңбыр жауып, өзендер таси ма деп алаңдап отыр.
КАМИЛ КАРПИСКИ, ТҰРҒЫН:
Халық көмекке мұқтаж. 500-ден аса хабарлама келді. Тұрғындар азық-түлік, киім-кешек сұрап жатыр. Барынша жиналып, бір-бірімізге көмек беріп жатырмыз.
Венгриядадағы жағдай, тіпті, күрделі. Будапеште ертең су ең жоғары деңгейге жетуі мүмкін. Тасқыннан Дунай өзені де көтеріледі. Бұл өзен дәл осылай 2013 жылы көтерілген еді. Салдарынан Чехия, Польша, Австрия, Германия, Румыния қатты зардап шеккен.
АНДРАС ХАРМАТИ, ТҰРҒЫН:
Бұндай тасқын осыдан 11 жыл бұрын болды. Ол кезді білетін адамдар түсінеді зардаптың қандай болары. Дер кезінде дұрыс шешім қабылдап, тосқауыл болмасақ жағдайды түзеу мүмкін болмайды.
Словакияда осыған ұқсас жағдай. Ел астанасы Братиславаның өзіне табиғат апаттан келген шығын 20 миллион еуроға жеткен. Синоптиктер «Алда су тасқыны тағы күшейеді» деп ескертті.