$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру!

AstanaTV
15.04.2017ж. 20:00
5085
Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру!

Албырт жастағы қыздар «тоқтамай биле» дейді. Ал біз тоқтамай ...оқуды айтамыз. Мамандығын жақсы меңгерген адам күнделікті ізденбей, деңгейін сақтап тұра алмайды. Бір жағы жанталас өмір сияқты. Бірақ кеңірек қарасақ, мағынаға толы өмір – сол. Маман ретінде бәсекеге қабілетті болу ғана емес. Тереңге бойласақ - тану. Тануға тырысу.

Президенттің «Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдар да ауадай қажет» деген жолдар кімнің кім, ненің не екенін талдай алатын интеллектуалдар қоғамын орнатуға ниет бар,- деген үмітті оятады. Жалпы, жұрттың бәрі биолог, физик, Ай Ти маманы, қаржы аналитигі, ғарышкер болмайтыны түсінікті. Бірақ мүмкіндік және тең мүмкіндік бәріне берілуі керек. Ал ол үшін  мемлекетте сіңірі шыққан кедейшілік, алқам-салқам жолдар, базалық білім ресурстарына қол жетпеу, коррупция, «таңдамалы топтар» дегендер минимумға жетуі керек. «Мүлдем жоқ қылуды» айтып, утопист бола алмаймыз. «Молотов коктейлінің» жалыны ешкімді «жылытпайды», ендеше аргументтер мен фактілерге сүйенген адамдардың айтыс алаңы қажет.

Дос Көшім, саясаттанушы:
Рухани құндылықтарың қазіргі кезде заманауи заманға сай дамуы. Бұл жөнінен сөйлесуге Атқарушы билік осыны терең түсініп, іске асыра ала ма? Себебі белгілі-бір бағдарлама жасалады, белгілі ғой, соны өз деңгейінде атқара ала ма? Өйткені атқарушы билік орыс тілді. Соған үлес қоса ала ма деген менде күмән бар. Екінші бағыты бұл мақаланың бағытын орыс тілділерге түсіндіру. Себебі біз қайткенде де орыс тілді, қазақ тілді болып екіге бөлінген қауымбыз. Қазақ тілділердің мәселесін орыс тілділер түсінбейді, не тыңдамайды, не жақтырмайды. Сондықтан мәселені түсіндіру зиялы қауымның парызы.

Президент мақаласынан үзінді: 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет.

Бұл жұмыс ауқымды. Күрделі. Бірақ шешілмейтін есеп емес. Біз қолымыздан бірнәрсе келетінін көрсететін уақыт. Және уақыт өте тығыз. Оны да білеміз...

Дос Көшім, саясаттанушы:

Бәрібір бастау керек. Экономикалық жағдай жақсы кезде бастау керек еді. Қомақты қаржыны қажет етеді. Бірақ бастау керек. Бұл арқылы біз орыс тілді идеологиядан қасымыздан қалмай келе жатқан, ауылымызды әрі саламыз. Екіншіден, тілді реформалау керектігі қазір анық. Шетелдерден келе жатқан сөздер бар, жаңа сөздер бар. Мамандардың айтуынша, латын әрпі біздің дыбысымызды нақтырақ береді. Кириллица орыстандыру үшін қолдан жасалған. Әрине, өту кезеңі ұзақ болады. Себебі біз Әзірбайжан мен Өзбекстанның қалай өткенін білдік. Бірақ бастау деген істің жартысының бітуі.

Жансая Мақсұт, Қарағанды қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы:

Меніңше, жас ұрпаққа латын қарпін меңгеру қиын емес. Себебі біз қазір үш тілділік саясатымен оқу бағдарламасын оқып жатқандықтан ағылшын тілін жақсы меңгерудеміз. Ағылшын тілі латын тіліне өте ұқсас болғандықтан бұл бізге үлкен қиындықтар туғызбайды. Түркі халықтары да өз тілдерін латын қарпіне өзгерткендіктен бұл түркі мәдениетінің жаңғыруына және әлемге танылуына үлкен септігін тигізеді деген ойдамыз.

Айдосым Садықанов, Қарағанды қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы:

Латын тілін меңгеру қазақ жастары үшін шет тілдерін меңгеруге,ғылым саласын зерттеуге, еліміздің танылуына оңтайлы үлесін қосады. Мысалы, «қазақ» деген сөз латын әрпінде жазылса, оны кез келген латын әліпбиін меңгеретін адам оқи алады. Яғни, қазақ тілі латын тілінде оқыла алғандықтан біздің тіліміз ұзақ ғұмыр жасайды деп ойлаймын.

Рая Смағұлова, Шымкент қ. физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәтінің мұғалімі :

Үлкендерге сәл қиындық болуы мүмкін, бірақ біздің XX ғасырдың басында біздің Ұлы қайраткерлеріміз, қазақ тіл білімінің негізін салушы Ахмет ағамыз да,қоғам қайреткері Нәзір Төреқұлов та осы латын әліпбиіне көшудің керектігін айтып өткен болатын. Соған байланысты 1929 жылдан бастап, 1939-1940  жылға дейін біздің ата-бабамыз латын әліпбиін пайдаланды. Ол кездегі мұралардың бәрі қазір жабық қалды. Ал кейінгі жастар соны зерттеуге тиіс деп ойлаймын. Оның ішінде ғылымға байланысты, қазіргі технологияға байланысты негіздері болуы мүмкін. Біз ұтамыз сол жағынан. 

Бейбарыс Есенгелдин,  Шымкент қ. физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:

Менің ойымша, латын әліпбиі біздің ұлтымыздың, біздің тілімізді шетел мемлекеттерінің өкілдеріне, адамдарына үйретуге үлкен көмек. Себебі латын тілін бүкіл әлем біледі. Әріптерін бүкіл әлем таниды және де сол арқылы біздің тілді де оңай үйрене алады.

Малика Саттарқұл, Шымкент қ. физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:

Қазіргі кезде шетелдік белсенді инвесторларға қазақ тілін  үйрену қиынға соғып жатыр. Ал бірақ латын әліпбиіне ауыстыратын болсақ, онда шетелдік инвесторларды қазақ жеріне қызықтыру арқылы біз жаңа стартаптарды бастай аламыз және туризмді толықтай дамыта  аламыз деп ойлаймын. 


Мақалада «Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таң­даулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз», -деген жолдар, сонымен бірге мынадай байлам бар: «Са­наның ашықтығы зерденің үш ерекшелігін біл­діреді... Ол жаңа технологияның ағыны алып келетін өзгерістердің бәріне дайын болу деген сөз. Таяудағы он жылда біздің өмір салтымыз: жұмыс, тұрмыс, демалыс, баспана, адами қатынас тәсілдері, қысқасы, барлығы түбегейлі өзгереді. Біз бұған да дайын болуымыз керек». Алдағы 20 жылда жоғалатын мамандықтардың арасында журналист мамандығы да бар екенін оқып, «мәссаған» деп емес, «іммм» дегендердің бірімін. Мүмкін емес ешнәрсе жоқ. Тоқтамай оқу туралы сөзді мынадай мысалдармен өрнектейміз.

Алматыдағы Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебінің 10-сынып оқушысы Аружан Аманбаева Швейцарияның Цюрих қаласында математика бойынша өткен Еуропалық олимпиадада жеңімпаз болған. Еліміздің командасының мүшелері күміс пен қола медальдар да тақты, тағы бір оқушы құрмет грамотасын алды,- деп хабарлады, Тенгриньюс порталы. Жалпы командалық есепте Қазақстан Ұлыбританиямен тең түскен. Қыздарға арналған бұл олимпиадаға біздің оқушылар бірінші рет қатысыпты. Еуропа ғана емес, АҚШ, Жапония, Израиль мемлекеттерінен, жиыны 43 елден барған математикаға жүйрік қыздар арасында 16 жастағы Аружанның мықты екенін дәлелдеуі бізде мықты мектеп барын дәлелдейді. Осы, республикалық физика-математика мектебінің түлектері жастары 23-тегі Абылай Махмұтов пен Біржан Бабашев Smart Lab деген лабораторияны басқарады. Олардың тағы бір жобасы онлайн-сервис - Smart Сall. Кейбір сайтқа кіргенде операторға қоңырау шалуды ұсынатын онлайн-көмекші шығады, жігіттер сол, Smart Сall авторлары. Тек осы сервис арқылы кәсіпкерлер айына 10 млн теңге табыс табады. Жалпы кірістері 30 млн теңге. Біз олармен сұхбаттасқанбыз.

Абылай Махмұдов,  Smart Lab лабораториясының қожайыны:

Бір жылдың ішінде Смарт колл қазақстандық компаниялардың ішінде танымал болды. 500 ұйымды тіркедік. Олар біздің сервистің арқасында саудасын ұлғайтты. Бұл негізі белгілі сервис. Оны іске қосқаннан кейін салмақты дүниелерге ауыстық. Олар да шыға бастайды, жазда 3 өнімді жүзеге асырмақпыз. Сонымен бірге Ресей нарығына кіру жоспары бар. Өнімдеріміздің әлемде баламасы жоқ. Идея проблема шыққанда туады. Мәселені шешудің әдісі. Ең бастысы, өнімді дер кезінде шығару. Бұл өте маңызды. Мұны біз мектепте жүргенде түсіндік. Үй тапсырмасын орындап беретін сервис ашқанбыз. Клиент қаптап кетті. Бірақ біз тоқтатып тастадық. Себебі адамдар тоқырауға ұшырап барады. Мектеп оқушылары үй тапсырмасын өздері орындағысы келмейді. Олар үшін  ақша беріп, бізге жасата салған оңай. Бұл мүлдем дұрыс емес. Қазақстанда  нарық ауқымды. Елімізде қанша компания ашылмасын, алдағы 2-3 жылда нарық санаулы компания арасында бөлініп қойылмайды. Себебі идеялар мен ақша өнім шығарушылардан көп. Жақсы маман қиялдап жүрмейді, бірнәрсе ойлап табады. Тұрақты табыс болғанын қалайды. Әйтсе де біреу келіп,  «мә, ақша, керемет бірнәрсе тап» десе,  сол кезде даму болады. Бұл комфорт. Олай болмағасын, біздікілер сыртқа кетіп жатыр. Иә, біздің демеушіміз бар. Оның мақсаты ақша емес. Білесіз бе, қырғыз Ай ти мамандарының деңгейі қазақстандық мамандардан жоғары. Бізге соларға жету керек. Сондықтан мамандарға көмектескісі келетін адамдар шығып жатыр.