$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Иран депутатының әйелдер туралы ойы, еліміздегі сайлау науқаны

AstanaTV
12.03.2016ж. 20:00
1368
Иран депутатының әйелдер туралы ойы, еліміздегі сайлау науқаны

«Иран парламентінің депутаты Надер Газипурдың «Парламент әйелдердің жұмыс істейтін жері емес, бұл еркектерге арналған орын» деген видеосы интернетке жарияланды. Онда әйел депутаттарды кемсітіп, есекке теңеген», – деп жазды, «Азаттық» порталы. 

«Мемлекет тізгінін қолға алу бізге оңайға тимейді, енді ол жерге түлкі, бала-шаға, есектерді жіберуге болмайды. Парламент есектерге арналған орын емес»,-депті депутат.  

57 жастағы Газипур өткен аптада Ирандағы Батыс Әзербайжан провинциясындағы туған қаласы Урмияда парламентке қайта сайланған. Иран жаңалықтар сайтының жазуынша, Иран үкіметінің әйелдер және отбасы істері жөніндегі кеңесінің төрайымы Захра Нежадбахрам Газипурды депутаттық мандатынан айыруға шақырған.

Нежадбахрам «Ол мемлекет тұрғындарының жартысының ар-намысына тиетін сөз айтты, енді оған жауап күтіп отырған шығар, жауабымыз сол - оны өкілеттігінен айыруды талап етеміз»,- деген.

Instagram парақшасында Газипур Урмия әйелдерінен кешірім сұрап, өзін Иранның рухани жетекшісі Аятолла Әли Хаменеидің «қызметшісі және солдатымын» деп атаған.

 «Урмия ханымдарының намысына тиген пікірім үшін кешірім сұраймын, мен олар туралы айтпаған едім»,- деген депутат «өз көзқарасын өзгертпейтінін» ескертеді. Яғни бұдан былай байқап сөйлейді, бірақ әлгі ойынан айнымайды деген сөз...

Еліміздегі сайлауалды науқан туралы Мөлдір Бақытқызы.

Үгіт жұмыстарын үдете түскен «Ақ жол» партиясы Қарағандыда кәсіпкерлермен кездесті. Жиын «Эргономика» кеңсесінде өтті. Бұл компания тұрғын-үй құрылысында жылу мен қуат көзін үнемдейтін озық технология шығарады. «Ақжолдықтар» бизнес өкілдеріне құқықтық көмек көрсету, кәсіптерін кеңейтуге жағдай жасау – партияның сайлауалды бағдарламасындағы негізгі басымдықтың бірі, - дейді.

Екатерина Никитинская, «Ақ жол» ҚДП Төрағасының орынбасары:

Біз кәсіпкерлермен міндетті түрде кездесіп отырамыз. Дөңгелек үстелдер өткіземіз, олардың өтініш-тілектерін тыңдаймыз. Байқағанымыз бизнес өкілдерін көбінесе қаржыландыру, әкімшілік кедергілерді жою, салық жеңілдіктері секілді мәселелер мазалайды.

Ал «Ауыл» партиясы Көкшеде қазақтың ұлттық тағамдарын насихаттау үшін флеш-моб өткізді. Ауылдықтар бұл мәселеге заманауи қырынан келді. Интернеттегі «Инстаграм» желісін ұтымды пайдаланған. «Ауыл дәстүрін жаңғыртамыз!» деген баннердің тұсына  жастар суретке түсіп, сол жерде қалың әлеуметпен өз парақшаларында бөлісіп жатты. Оған қоса, арнайы байқау өткізді. Оған қыз-келіншектер қатысып, қазақтың ұлттық тағамдарын қаншалықты білетіндерін  байқатты.

Айбек Құлмахамбетов, «Ауыл» ХДПП жастар қанатының мүшесі:

Ұлттық тағамдарды білесіздер, ішінде қазы-қарта, жал-жая, құрт, ірімшік, сүт, айран деген секілді тағамдарымыз. Бұл – адамның денсаулығына өте шипа, пайдалы. Яғни, денсаулығымызды нығайтқымыз келсе, осы тағамдарымызды дәріптеуіміз керек. Брендке шығаруымыз керек.

Қазақстан Коммунистік Халық Партиясының белсенділері «Восток Молоко» кәсіпорнына  бас сұқты.  Бұл бүгінде аймақтағы ең ірі кәсіпорын саналады.  Агрофирмада 1,5 мың адам еңбек етеді.  Олар сүт өндіру және өңдеумен айналысады.

Жамбыл Ахметбеков, ҚКХП атынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат:

Қазақстан Коммунистік Халық Партиясы өзінің бағдарламасында еңбек адамының өркендеуіне ерекше назар аударады, осылайша «еңбек» ұғымының құндылығын бағалауға шақырады. Қазір өзіміздің шикізат арқылы өндірілетін өнім көлемін барынша арттырумыз қажет, еңбек қорын жетілдіруміз керек. Өйткені бұл бүгінгі заман талабы.  

Ал Жалпыұлттық социал демократиялық партиясының белсенділеріСемейде бірнеше кездесу өткізді. Өндіріс әлеуетін арттыру, инновациялық экономикаға жол ашу, қолжетімді тұрғын үй мәселесін көтерді. ЖСДП мүшелері сайлауалды науқандарын белсенді атқарып жатқандарын айтты.Кездесуде Парламент Мәжілісінің депутаттығына ЖСДП атынан үміткер ретінде ұсынылып отырған азаматтар жайында да кеңінен әңгімеленді. Олардың саны - 23, орташа жасы - 54,7. Жиналғандар ауылдағы әлеуметтік мәселелерге де тоқталып өтті.

Майра Әбенова, Жалпыұлттық социал демократиялық партиясыныңСемей қалалық өкілдігінің төрайымы:

Ең бастысы, біз қалың ел ортасында жүрген адамдар болғандықтан халықпен кездесу жасап жатырмыз. Біздің бизнесті қолдау керек. Оны дамыту керек. Оның нақтылы қадамдары бізде бар. Сосын әлеуметтік жағдай да біздің бағдарламамызда, ол мына білім және медицина саласы.

«Бірлік» партиясының Қызылордадағы қабылдау бөлімшесінде ұйымның сайлауалды бағдарламасы төңірегінде халыққа жүйелі түрде ақпарат берілді. Ұйым өкілдері бағдар-жоспарларында экономика, білім мен ғылым, мәдениет салаларына мән берілгенін атап өтті. Әсіресе, қоршаған ортаны қорғау мәселесіне айрықша көңіл бөлініп отырғандығын жеткізді.

Нұрлан Шаухаманов, «Бірлік» партиясының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы:

Құрылғанына көп болмаса да, біздің партиямызға халықтың арасында қызығушылық білдіріп отыр. Біз еліміздің экологиялық мәселелерің алға тартып отырған бірден-бір партиямыз. Қоршаған ортаның тазалығы, ұлт саулығының кепілі. Осы мәселлерге қол жеткізу үшін біз қоғам болып табиғатты қорғауымыз қажет. Оған жанашырлықпен қарап, ластамауымыз керек.

Астана қаласы бойынша мәслихат депутаттығына барлығы 121 кандидат тіркелді. Олардың 33-ін саяси партиялар, 6-ын қоғамдық бірлестіктер ұсынған, 88-і – өзін өзі ұсынғандар. Бас шаһарда  үгіт баспа материалдарын орналастыру үшін 85 орын белгіленді. Сайлаушылармен кездесетін 13 үй-жайдың тізімі бекітілді. Әр кандидатқа сайлауалды бағдарламасын ақпарат құралдарына жариялап, үй-жай жалдауға қазынадан қаражат бөлінген.

Игілік Жалбыров,  Астана қаласы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы:

«Республиаклық бюджеттен әр мәслихат депуттарына бірдей мөлшерде 245 мың теңге бөлінеді. Екіншіден сайлау қорларын құруға мүмкіндік беріледі».

Орталық сайлау коммиссиясы бүгінге дейін Сыртқы істер министрлігінің ұсынысымен халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің 608 байқаушысын аккредиттеді. Бұдан бөлек, 27 мемлекеттен шетелдік БАҚ-тың 117 өкілі тіркеуден өтті. Қазақстандағы сайлауға қызығушылық танытқан шетелдіктерді тіркеу екі күннен соң аяқталады.

Мөлдір Бақытқызы «Біздің уақыт».