$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Астанада велосипедтерді жалдау құны екі есеге қымбаттады

AstanaTV
14.04.2017ж. 20:00
2801
Астанада велосипедтерді жалдау құны екі есеге қымбаттады

Астанада велосипед жалдаудың абоненттік құны екі есеге қымбаттады. Бұрын ол алты айға 5 мың болса, қазір 10 мың теңгеге жеткен. Astana Bike-тің мамандары 3-ші топ мүгедектеріне, студенттер мен зейнеткерлерге 50 пайыз жеңілдік барын айтады. Сәуірдің екінші жартысында Astana Bike велосипед маусымын ашады. Темір ат тізгіндегендерді биыл қандай жаңалықтар күтіп тұр? Әріптесім Дәуренбек Бағдәулетұлы Астана көшелерін қос дөңгелекті арбамен аралап, осы сұрақтарға жауап іздеді.

Велосипед жалдау құнының қымбаттағаны туралы жаңалықты қала тұрғындары әр қалай қабылдады. Ортақ пікір біреу ғана, халық велосипедке кептеліс кедергі бола алмайтынын айтады.

Бізге студенттерге 5 мың теңге болып тұрады екен әлі, бұйырса аламын.

Велосипедпен жүрген өте ыңғайлы, себебі автобуста көптеген ақшамыз кетеді. Велосипед өте тиімді. 

Алмагүл Қасымова,  «ASTANA BIKE» жобасының жетекшісі:

Халыққа көрсетер қызметті жақсарту мақсатында осындай қадамға барып отырмыз. Дегенмен бұл бізге оңай болған жоқ, 

Қос дөңгелекті арбаның да шаш етектен пайдасы бар. Ол бүгінгідей қозғалыс азайып, отыру көбейген қоғамда әсіресе сезіліп тұр. Мұны мамандар да растайды, соңғы жылдары осы көлік түрін пайдаланушылар санының едәуір артқаны байқалған. 

Алмагүл Қасымова, «ASTANA BIKE» жобасының жетекшісі:

Былтыр 6 мыңнан астам болды. Олардың өзі күнделікті белсенді пайдаланып отырды, себебі 1 велосипед күніне 15 реттен астам қолданыста болды.

Велосипедтер қосалқы бөлшектерімен бірге Франциядан жеткізіледі. Күн сайын шамамен 20 шақты велосипед сынып, қайта жөнделіп отырады екен. Шеберлер түнгі сағат 12-ге дейін осында, істен шыққандарды жөндеумен жүреді.

Smoove компаниясы жүргізген тәуелсіз сараптамаға сай, 1 велосипед күніне Мәскеуде 5,7 шақырым жүрсе, Парижде 3,2 шақырым, Сан-Францискода -3 шақырым, ал Астанада 6 шақырымдай жолды жүретіні анықталды.

Бұл көлік түрін жаз бойы пайдаланатындардың бірі - Азамат Өзтеміров.

Азамат Өзтеміров, велосипед қолданушы:

Менің үйімнен жұмысқа дейін 5 шақырым. Мен сол қашықтықты 25-30 минутта жүріп өтемін. Автобуспен барсаң да тура сол уақыт болады. Оның төлем ақысы маған жалпы қымбат емес.

Жеке абоненттік картаңыз арқылы Алматы, Шымкент қалаларындағы байктерді де пайдалануға болады. Ал жобаны өзге өңірлерде қолға алу - әзірге болашақтың еншісінде. Мамандар, биыл ЭКСПО көрмесіне орай, реті келсе, қосымша станциялар ашып, велосипед санын да көбейтеміз, деп отыр.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Велосипедпен жүру тек 16 жастан бастап рұқсат, ал 14 жастағы балалар ата-анасының рұқсатымен алса болады. Бұл көлік түрімен жүргенде ауыр жарақат алу жағдайы 48 есе төмен. Буын ауыруын емдеп, сергек болуға септігін тигізетін көлікке көшу, кім кім үшінде артық етпес, әсіресе Астана мен Алматы сынды алып мегаполис тұрғындары үшін.