$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Астаналықтар қоқыc сорттай алмайды...

AstanaTV
12.03.2016ж. 20:00
2338
Астаналықтар қоқыc сорттай алмайды...

Астана қаласының әкімдігі тұрмыстық қатты қалдықтарды сорттап жинау жобасынан бас тартқанын хабарлады. Бізге берген түсініктемелерінде «тұрғындар дайын емес, басында солай жасағандай болған, кейін араластырып тастайтын әдеттеріне басты»,- деді. Бұл жоба өткен жылдың ақпанында басталған еді. Әкімдік 5 млн теңге бөлген: арнайы контейнерлер, қосымша техника сатып алынған, еріктерілер аулаларды аралап, 3 түрлі пакет таратып, қалай бөлу керектігін, нені неге салатынын түсіндірген. 7 тұрғын үй иелері кооперативі жұмылдырылған. Сөйтіп оп-оңды идея іске аспай қалды. Бірінші кезекте өзімізге ...обал жоқ. Өзіміз пайдаланған заттар мен өзіміз ішкен тамақ қалдықтарын сорттай алмайды екенбіз. Ал «неге бүйтпейді, неге сөйтпейді» дегенге шеберміз. Ондайды «ауызбен орақ ору» дей ме? Сондай-ақ, қоқыс пен тамақ қалдығын сорттау, утилизациялау проблемасы елімізде кәдімгідей проблема. Байтақ даланы қоқыс тауларына айналдырып жатырмыз. Яғни бұл мәселе бойынша тұрғындар мен билік бір-біріне сайма-сай болып тұр. Азамат Алдоңғаров жалғастырады.

Астана маңында тау боп бой көтерген мына полигонның зиянын жете түсінген қала билігі, тіршілік қалдықтарын қайта өңдеп, кәдеге жаратуды қолға алды. Азды-көпті қаражатты қала қазынасынан жырып, пилоттық жобаны іске қосты. Алайда жоба көпке бармады. Ұйымдастырушылар халықтың енжарлығын алға тартады. Оған мемлекеттік аппарат жұмысындағы адами факторды қосыңыз. Тұтас жүйе механизмдерінің кібіртіктеген жұмысы кез-келген тәп-тәуір идеяның «өкінішке орай» деп тынуына алып келеді. Астанада тұрмыс қалдықтарын бөліп тастау бастамасы да дәл солай – өкінішті аяқталды.  Неліктен деген сұрақпен әкімдікке хабарластық.

Жанна Қазыбек, Астана қаласының «Табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасы" ММ сарапшысы:

Жобаны уақытша тоқтатуға тура келді. Халық әзірге қоқысты бөліп тастауға дайын болмай шықты.

Өркениетті Батыс мемлекеттеріінң  өмірін көксейтін халықтың өзі сол мәдениетке ұмтылмаса шара бар ма? Әкімдік қызметкерлері мен коммуналдық қызмет мамандары жобаның сәтсіздікке ұшырауын бір-ақ себеппен сабақтайды. Менталитеттің мәдениетке мойынсұнғысы жоқ. Алайда. Қарағанды облысында бір кәсіпкер өз қаражаты мен еңбегінің арқасында тұтас бір қала, бір емес, бірегей Астана әкімішілігінің қолынан келмеген істі дөңгелетіп отыр. Қарағанды мен Теміртау әкімшілігімен келісімге келген Еркін Мұқаев, кәдімгі контейнерлерге қосымша пластик, қағаз, темір мен шыныны бөлек салатын бір жәшік қойып, қомақты қаражат тауып отыр. Оның үстіне қоқысты алып кеткені үшін қаладан да, қала тұрғындарынан да бір тиын сұрамайды.

Еркін Мұқаев, кәсіпкер:

Пластмасса, бутылка, оны да жинаймыз. Пресске салып басып, Ресейге, Қазақстанда сатамыз. Содан кейін канализация қақпақтарын жасаймыз. Оны тұрмыстық химияның құтылары бар ғой, пластмас бөтелкелер, соны ұсақтап, құммен араластырып, Ресейден қондырғы алғанбыз, бастырып қақпақ шығарамыз. Соны сатамыз.

Еркін бір айда 100 тонна қағаз, 300 тонна шыны, 600 тоннаға жуық темір жинап сатады. Ал қоқыстан терілген пластиктен дайын өнім шығарып отыр. Қалдықты кәдеге жаратудың әлемдік озық тәжірибесіне көз салсақ, жері ұлтарақтай Сингапурдың қоқысты өңдеп қолдан арал соққанын көреміз. Одан қалды тұрмыста күнделікті қолданатын заттар да осы қалдықтардан жасалады. Шикізаты жоқ мемлекет өз тіршілігінен қалған қалдықты экономикасының дамуына пайдаланып отыр. Жапония да солай.

Вера Мустафина, эколог, «KazWaste» қалдықтарды басқару қауымдастығының атқарушы директоры:

Егер де зауытқа сұрыпталған, таза қалдықтар әкелініп отырса кәсіп тиімді болар еді. Бізде кешенді механизмнің бір бөлшегі - зауыттар салынған, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау қалаларында. Ал тұрмыстық қалдықтарды сорттау жүйесі жолға қойылмаған. Зауыт жүйенің бір тетігі ғана.

Қазақстан қоқысты қайта өңдейтін алып зауыттар соққанымен, қалдықты сорттауды бір ізге келтіре алмай әлек. Эколог маман мемлекет жасыл экономиканың дамуына барлық жағдай жасағанын айтады. Тағы сол әлемдік тәжірибе ескеріліп, екі мың жетіде қажетті заң қабылданыпты.

Вера Мустафина, эколог, «KazWaste» қалдықтарды басқару қауымдастығының атқарушы директоры:

Мемлекет тарапынан жасалған басты жұмыс – бұл заңнамалық негіз. 2007 жылы қабылданған экологиялық кодекстен кейін еліміз бойынша тұрмыстық қалдықтарды іріктеп, қайта өңдеп, дайын өнім шығаратын жеке кәсіпорындар ашылды. Ең бастысы мемлекет жұмысқа қажетті заңды тәртіп орнатып берді.

Сол тәртіппен-ақ қарағандылық кәсіпкерге ілесіп, нәтижелі жұмыс істеуге болар еді. Алайда бір сәтсіздікке ұшыраған Астана әкімшілігі, бір жобаны тоқтатып, келесі бағдарламаға кіріскен.

Жанна Қазыбек, Астана қаласының «Табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасы" ММ сарапшысы:

Біз қазір программа әзірлеудеміз. Жаңа бағдарлама болғанда, программа по управлению отходами деген. Қазір бүкіл опыт зарубежных стран дейді ғой, бүкіл мемлекеттердің сол сала бойынша переработка, вторсырье, газификация, выработка электроэнергии, сондай түрлерін қарастырудамыз.

Бас қаланың  әкімдігі қарағандылық әріптестері сынды бұл істі бәсекелі бизнес ортаға бергісі жоқ.

Жанна Қазыбек, Астана қаласының «Табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасы" ММ сарапшысы:

Жеке бизнес секторына болғанда, жоқ, біз программаны әзірлеп жатырмыз. Сол программаның ішінде болады бәрі.

Астана бастаған пилоттық жобаның сәтсіздікке ұшырауының тағы бір себебін жоба аясында түрлі-түсті контейнерлер қойылған ауланың тазалығын қадағалайтын жұмысшы айтты. Халық шамасы келгенше сұрыптаған қоқыс, соңында қайтадан бір көлікке тиелген көрінеді.

Ана жақтан бастайды, бәрін бірге алып кетеді. «Бәрін қосады ма?» Қосады, иә. Таңертен ерте жинайтынын точно білемін.

Бірақ, әкімдік әр қалдыққа бір көліктен бекіттік дейді. Әкімдіктің көңілін қалдырған аулаларға да барып қайттық. Түрлі-түсті контейнерлердің орнын дәстүрлі темір жәшіктер басыпты. Бірақ біз тілдескен азаматтар ішінде әкімдік уәжімен келіспейтіндері де, өз бойындағы кемшілікті тани білгендері де бар.

Блиц:

Біздің халықта ондай қасиет бар, апарып тастай саламыз.+оның ешқандай қиындығы жоқ. Өйткені ысырап болмасын. Ысырап болу деген обал, күнә нәрсе.

Міндетті түрде қалдыру керек еді. Өйткені біздің мәдениетті көрсетеді ғой. Біздің мәдениет қазақ қараңғы адамдар дегендері ғой. Бізден кінә жоқ.

Это точно пластиктардың бәрін бөлек тастады. Ал қағаздарды біреуі тастайды, біреуі тастамайды. Біз өзіміз тастап отырдық қағазды. Пластикты әкеліп қойсын.

Біз үлкен кісілер обалсынамыз ғой. Тіпті астың қалдығына бөлек контейнер қойылса жақсы болады.

Ендігі үміт әкімдіктің үкіметпен бірігіп әзірлеп жатқан бағдарламасында. Жаңа жобада ескі кемшіліктер қайталанбаса игі. Ал әлем көзінде дипломатия мен дамудың астанасы болған Астананың жазығында қоқыстан соғылған төмпешік тауға айналмас үшін, біз бен сізге де үлкен аманат жүктеледі. Жүре тасталған кішкентай қоқыстың қалай төмпешікке айналатынын мына бейнеден тамашалаңыздар. Шымкент тіршілігінен бір мысал.

Азамат Алдоңғаров, Ришат Асқарбек, Айжан Қуаш, «Біздің уақыт».