$494.87 €520.65 ₽4.91
×

ТЖМ басшысы қарғын судан зардап шеккен өңірлер әкімдіктерінің әрекеттерін сынға алды

AstanaTV
24.09.2024ж. 14:37
300
ТЖМ басшысы қарғын судан зардап шеккен өңірлер әкімдіктерінің әрекеттерін сынға алды

ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов 2024 жылғы 24 қыркүйектегі Үкімет отырысында жергілікті биліктің су тасқыны мен оның салдарына дайын емес екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оның айтуынша, ТЖМ-нің барлық күштері мен құралдары ауқымды су тасқынын жоюға, халықты төтенше жағдайлар аймақтарынан эвакуациялауға және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге бағытталған.

"Құтқару жұмыстары ауа-райының қолайсыздығына қарамастан және жету қиын жерлерде де жүргізілді. Апат аймақтарында инженерлік техника мен көлік авиациясының жетіспеушілігі қатты сезілді. Тартылған техниканың көп бөлігі сапасыз және ұзақ мерзімді жұмыстарға жарамсыз болды. Күштер мен құралдарды темір жол эшелондарымен және жүк жеткізетін әуе кемелермен ауқымды тасымалдау жүргізілді. Зардап шеккен өңірлерде бірлескен іс – қимылдарды ұйымдастыру және үйлестіру әлсіз болды", — деп атап өтті Шыңғыс Әрінов.

Министр Ақтөбе, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы өзендердің арнасынан асуына байланысты Қорғаныс министрлігінің Понтондық көпірлерін орнату талап етілгенін, бұл халықты эвакуациялауды, азық-түлік пен дәрі-дәрмектерді жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік бергенін айтты.

"Туындаған қиындықтарға қарамастан, министрлік тіршілікті қамтамасыз ету құралдарын, гуманитарлық жүктерді жеткізу, электрмен жабдықтау мен көлік қатынасын қалпына келтіру мәселелерін жедел шешті. Тәулік бойы жанқиярлықпен күрескен қарапайым жауынгерлер мен құтқарушылардың арқасында азаматтардың қаза болуына жол берілмеді және 500 – ден астам елді мекен су басудан қорғалды", — деп түйіндеді ТЖМ басшысы.