$494.87 €520.65 ₽4.91
×

"Сатылатын дос" қызметін пайдаланушылар көбейді

24.09.2024ж. 20:00
261
"Сатылатын дос" қызметін пайдаланушылар көбейді

Сырыңызды тыңдаймын, кеңес беріп, құпияда ұстаймын. Бұл ақылы дос қызметін ұсынатындардың жарнамасы. Бағасы 3 мың теңгеден басталады. Қызмет алушылардың қарасы қалың. Ішіндегісін айтып, жеңілдегісі келетіндердің жан достары жоқ па? Айдана Қайрат ақылы құрбы болды, қыздардың құпиясын тыңдады. 

АЙДАНА ҚАЙРАТ,  ТІЛШІ:

Ақылы дос сізді тыңдап қана қоймай сізбен бірге мұңайып. Күлетін жерде күліп, қосылып жылай білуі керек.
- Бұл шаруа менің де қолымнан келетін сияқты. Сондықтан көп ойланбастан әлеуметтік желіге мен де өз түйіндемемді жүктедім.

АЙДАНА ҚАЙРАТ, ТІЛШІ:

Маған хабарласқан адам бірден табылды. Енді дәл қазір мен ол кісімен кездесуге бара жатырмын. Әңгіменсін тыңдап сырласып қайтатын боламын.

Басты талап айтылған әңгіме сол жерде қалады. Танысқанан тосырқамады, сырын жайып салды. Түрлі тақырыпты қаузадық, мұңайдық, күлкіге қарық болдық.

Бұл қызметпен бірінші рет айналысып отырғанымды білдірпеуге тырыстым. Бірақ ол мені тосыннан сұрақтар қойып, састырды.

Екі сағаттың қалай өткенін аңғармай қалдық. Құпияның барлығын ашуға құқым жоқ. Ақымды алдым, тұрақты хабарласып тұратынын айтты. Негізі дәл осындай қызметке 25 пен 40 жас аралығындағылар жүгінеді екен. Нұрлан дәл осы салада 2 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

НҰРЛАН АҚЫЛЫ, ДОС ҚЫЗМЕТІН ҰСЫНУШЫ:

Маған келетін адамдардың проблемалары өте ұқсас. Ересек болғандарымен жақындарынан жылулық сезінбеген. Жұрттан ұят болады деп құпиясын жария салмайды. Эмоцияларын көрсету қиынға соғады. Әрі өздеріне өте сенімсіз болып келеді.Мен психологияны 3 жыл оқығанмын. Сондықтан оларға қолымнан келгенше ақыл-кеңес беруге тырысамын.

Бір қызығы қыздарға қарағанда бұл қызметті ерлер көп пайдаланады. Достарыма айтсам, күледі, кемсітеді деген қорқыныштары басым болады.

БАЛАБЕК САҚТАҒАНОВ, ПСИХОЛОГ:

Неге әйел азаматтар мұндай көмекке аз жүгінеді. Егер олар стресс алса, депрессияға түссе олар өздерін жылау арқылы жағымсыз энергияларын шығарады. Ер азаматтар үшін жылау деген күрделі процесс. Олардың жасы шығу үшін үлкен физикалық та емес психологиялық соққы алуы керек. Егер интроверт ер азаматтар энгергияларын бір сағаттық досқа барып солармен әңгімелесу арқылы ләззат алатын болса, ол азамат әрі қарай өзі жеңілдеп өзінің күнделікті іс әркетінде дұрыс адам ретінде қызметін атқара береді.

Бұл қызмет Оңтүстік Кореяда үйлену тойына келетін қонақтарды жалға алу мақсатында пайда болған. Уақыт өте келе оған деген сұраныс артқан. Ал, 2006 жылы Жапонияда арнайы агенттік ашылған.