$494.87 €520.65 ₽4.91
×

“Халықты төтенше жағдайдан қорғай алмағандар енді жауапқа тартылады”, - Ш. Әрінов

24.09.2024ж. 20:00
311
“Халықты төтенше жағдайдан қорғай алмағандар енді жауапқа тартылады”, - Ш. Әрінов

Халықты төтенше жағдайдан қорғай алмағандар енді жауапқа тартылады. Үкіметтің осындай шешім қабылдамастан басқа амалы қалмады. Өйткені биыл су тасқынына аймақтар мүлде дайын болмаған. Салдарынан 120 мыңға жуық адам зардап шекті. Жауаптылар өткен істен сабақ алса керек қазір білек сыбана кірісіп кеткен. Қосымша тікұшақтар алып, 42 су қоймасын салуды жоспарлап отыр. Толығырақ Аружан Задабектің сюжеті. 

Су тасқыны 10 өңірде болды. 224 елдімекен мен 17 603 тұрғын үйге зақым келді. Қазір ғимараттардың бәрі техникалық тексеруден өткен. 9156 үй жөндеуден өтіп, 5767 пәтер сатып алынды. Тағы 2680 баспананың құрылысы жүріп жатыр. Бұл жұмыстың бәрі мамыр айының соңында басталып, 4 айдың ішінде аяқталды.

Үйге 2 жыл кепіл берілген. Егер бұзылып қалса мердігер жөндеп беруге міндетті.

ҚАНАТ ШАРЛАПАЕВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ:

Құрылыс жұмыстарының барысы мен сапасын бақылау үшін әр өңірдегі құрылыс алаңдарына министрліктің және су тасқынынан зардап шекпеген өңірлердің қызметкерлері іссапарға жіберілді.

34 мыңнан аса адам 12,6 млрд теңгеге 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы төлем алды. Бұдан бөлек, шамамен 10 млрд теңге көлемінде 21 880 отбасына келтірілген материалдық залал өтелді.

Қазір министрлік Төтенше жағдай шығынын бизнестен тыс көздерден өтеу тетіктерін ойластырып жатыр.

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бүгінгі таңда Ақмола облысында 38 үй, Батыс Қазақстан облысында 28 үйдің құрылысы аяқталуда. Аяқтау мерзімі бірінші қазан.

Тасқын кезінде әуе техникасының жеткіліксіз екені байқалды. Тартылған техниканың басым бөлігі сапасыз екені тайға таңба басқандай көрінді. Министрлік қазір тасқынмен күреске қосымша ұшақ пен тікұшақ сатып алуды жоспарлап отыр. 20 өңірде 20 әуе отрядын жасақтау да ойда бар.

ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ:

Сапалы арнайы автомобильдер мен инженерлік техникалар, оның ішінде жүзу құралдарын, ұшақтар мен тікұшақтар сатып алынады. Біз ұшқыштарды түнде және қолайсыз ауа райы жағдайында ұшуға оқытып үйретуді жоспарлап отырмыз.

Су тасқыны кезінде қоймаларда 12 млрд текше метрден астам су жиналды. Сол үшін алдағы төрт жылдың ішінде 42 су қоймасын салу жоспарланып отыр. Бұл су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарында көзделген. Биыл Бәйдібек ата, Қарақуыс, Ақтөбе, Қапшағай және Кировта құрылысы басталды.

НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ, ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ:

34 гидротехникалық құрылыстарда «Қазсушар» филиалдары жөндеу жұмыстарын бастады. Сонымен қатар Батыс Қазақстан (22 км) және Шығыс Қазақстан облыстарында (73 км) 95 шақырым каналды механикаландырылған тазалау жұмыстары жүргізілді.

Келер жылдан бастап елімізде табиғи апат, оның ішінде топан суды алдын алуға арналған тиісті мәліметтерді жинақтайтын ақпараттық жүйе енгізу жоспарланған.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 2025 жылғы ақпанның соңына дейін сала мамандарын оқытып, «Су тасқынын болжау және модельдеу» ақпараттық жүйесін енгізуді қамтамасыз етуге тиіс. Төтенше жағдайлар министрлігі және Экология және табиғи ресурстары министрліктері 2025 жылғы 20 қаңтарға дейін осы жүйені қажетті деректермен толықтыруды қамтамасыз етсін.

Министрлер тапсырманы қағып алды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев тасқындарды болжау және модельдеу жүйесі желтоқсан айында пилоттық режимде іске қосылады деп уәде берді.