$479.23 €534.96 ₽5.16
×

Атырауда қасақана қойылған өрттен бір тұрғын қаза тапты

25.09.2024ж. 20:00
85
Атырауда қасақана қойылған өрттен бір тұрғын қаза тапты

Атырауда пәтер өртеніп, бір адам қаза тапты. Алдын ала болжам бойынша, от қасақана қойылған. Салдарынан үй иесі қаза тапты. Оның 30 жастағы ұлының қолын күйік шалған. Пәтердің сау тамтығы жоқ, бәрі күлге айналған. Түн ортасында қатты дыбыстан шошып оянған көршілері болған жағдайдан ес жия алмай отыр. Бұрын-соңды отбасынан айқай-шу байқамадық,- дейді. 

БӘТИМА НЫҒЫМЕТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қатты дыбыс шықты. Соның арасында «Шығыңдар, үй өртеніп жатыр»,- деп «бензин,бензин» деген дауыстар шықты да, бәріміз атып шықтық балаларды оятып. Сол кезде айтып жатқанын естідім. Баласы үйіне бензин шашып, от қойыпты дегенді өзім енді көзіммен көрген жоқпын. Құлағыммен естігенім сол. Келінін көріп қалдым, сосын баласын көріп қалдым. Екі қолы күйіп қалып, айқайлап жүрді: «мама, мама, маманы шығарыңдар»,- деп.

Айта кетейік, облыста былтыр 195 өрт оқиғасы тіркеліп, қызыл жалыннан 1 адам қаза тапқан. Биыл тілсіз жау айтарлықтай өскен. 218 өрт оқиғасы кезінде 11 адам қайтыс болды. Мамандар көп жағдайда электр желісінің қысқаша тұйықталуы мен тұрғындардың отты абайсыз пайдалануы себеп болады деп отыр. 

БАҒДАТ АБДУЛЛИН, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:

Жоғары қабаттардан автосаты және баспалдақпен 13 адам, оның ішінде 6 бала құтқарылды. 54 адам, оның ішінде 30 бала эвакуацияланды . Оқиға орнынан 1954 жылғы әйел адам мүдерісі табылды. Үйдің ішіндегі ішкі бұйымдардың өртенуі бойынша, сол себепті қасақана өрт қою деп алынып отыр. Бұл әлі нақтыланбаған. Болжамды түрде алынып отырған оқиға. Бұнымен қалалық полиция басқармасы айналысуда.