$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Жол апатын ерлер көбірек жасай ма әлде әйелдер ме?

25.09.2024ж. 20:00
262
Жол апатын ерлер көбірек жасай ма әлде әйелдер ме?

Жол апатын ерлер көбірек жасай ма, әйелдер ме? Ғалымдар жүргізушінің гені адамның көлік айдауға қалай әсер ететінін зерттеп, жол-көлік оқиғаларына арнайы статистика жасады. Көпшілік: «Қыздар жедел жағдайларда жылдам реакция көрсете алмайды, рөлді қалай тізгіндеуді жөнді білмейді» - деп ойлайды. Бұл стереотип пе, әлде рас па? Әріптесім Айдана Шалқар сараптап көрді. 

Менің көлігімнің артынан соғады

АЙДАНА ШАЛҚАР, ТІЛШІ:

Иә, осындай жағдайларда әйелдерге айып арта салатындар көп. Өйткені, «қыздар стресске түсуге бейім, жол жүру кезінде тез шешім шығара алмайды» деп ойлайды. Мамандар жол ережесін бұзу бойынша 160 мыңға жуық сот шешімін талдады. Нәтижесінде, 90% -дан астамында ер адамдар кінәлі болады екен.

Ғалымдардың айтуынша, ер адамдар көлікті тым жоғары жылдамдықпен айдайды. Орташа алғанда, олар әйелдерге қарағанда тәулігіне 26% көп шақырым жүреді екен.

ӘБДІ ҚИЯЛБАЕВ, ҚАЗАҚ АВТОМОБИЛЬ-ЖОЛ ИНСТИТУТЫНЫҢ ПРОФЕССОРЫ, ТЕХНИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

Біздің Алматыдағы жолдарды қарап отырсаңыздар, көп жағдайда бір жолақтан екінші жолаққа ауысып деген мәселелер бар. Осы кезде әйел адамдар бір жолақтан екінші жолаққа көп ауыса бермейді. Сол бір жолақпен ғана жүріп отырады. Ал ер азаматтарда бұл мәселе кішкене басқашалау болады. Қозғалу жылдамдығын жиі ауыстыратын азаматтар бар. Әсіресе жастардың ішінде. Әйелдердің оқыстан апатқа түсу процесі еркектерге қарағанда бір жарым, екі есеге жуық төмен.

Ал, заңгер Смағұл Файзулланың сөзінше, жігіттер жол ережесін бұзып, әкімшілік жауапкершілікке жиі тартылады. Кінәлі тарапқа ҚР әкімшілік кодексінің 610-шы бабы, 1-ші тармағына сәйкес жаза тағайындалады. Бұндай жағдайда айыпты 20 айлық есептік көрсеткіште айыппұл төлейді немесе жүргізуші куәлігінен 6 айдан 1 жылға дейін айырылады.

СМАҒҰЛ ФАЙЗУЛЛА, ЗАҢГЕР:

Бізде аудандық сотта қаралатын істер әкімшілік құқық бұзушылық істер бойынша қазіргі таңдағы бізде қолымызда бар статистика байланысты көбінесе материалдар ер адамдарға қатысты түседі. 18 жастан 23 жас аралығында. Егер жол-көлік оқиғасы болған жерде қандай да бір азамат зардап шексе, оның ішінде орташа немесе аса ауыр немесе қайтыс болған жағдайда сол жерде жол-көлік полициялары көлігін тәркілеп, арнайы тұраққа апарып қойып, тергеу істерін бастайды.

Ал, сақтандыру компаниясының қызметкерлері: «Елімізде ер жүргізушілер көп болғандықтан, сәйкесінше олардың жол апатына себепкер болу жиілігі басым» - дейді.

ДӘУРЕН ЖАМПЕЙІСОВ, САҚТАНДЫРУ КОМПАНИЯСЫ ӨҢІРЛІК КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Мысалы бізге күнделікті компаниямызға жол апаты салдарынан шағым тастайтын клиенттеріміз күнделікті әртүрлі. Мысалы олардың ішінде қайсысы еркек жүргізушілер, қайсысы әйел жүргізушілер бізге оны анықтау қиын. Неге десеңіз еркек жүргізушілер біздің республикамызда айтарлықтай көп. Сондықтан еркек жүргізушілердің осындай шағыммен келгендері көбірек болады.

Одан бөлек, ер адамдар әйелдерге қарағанда машинаны мас күйде екі есе көп жүргізеді екен. Ащы суға тойып көлік тізгіндеген ер адамдар көрсеткіші 25 пайыз болса, әйелдердің 10 пайызы осы айыппен бас бостандығынан айырылыпты.