$478.16 €534.92 ₽5.18
×

42 пәтердің 8 жылдан бері құжаты жоқ

25.09.2024ж. 20:00
62
42 пәтердің 8 жылдан бері құжаты жоқ

8 жылдан бері үйіміздің құжаты жоқ. Бас қаладағы көпқабатты үй тұрғындары осылай деп шағымданды. Айтуларынша күнде ертең деген бос сөзден әбден мезі болған. Тұрғындарды Айбек Салдатбек тыңдады. 

“Сарыарқа” ауданына қарасты бұл тұрғын үй 2015 жылы пайдалануға берілген. Содан бері үйіміздің құжатын ала алмай жүрміз дейді тұрғындар. Тоғызыншы қабатқа дейінгілердің мәселесі 2 жыл бұрын әупірімдеп жүріп шешілген, ал 10-шы қабаттағы 42 пәтердің құжаты әлі жоқ екен.

РИЗА БАЙҒАБЫЛ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бұл үйде 8 жыл болды тұрып жатқанымызға. Ешқандай документ жоқ, прописка жоқ, бізге прописка керек. Балаларымыз басқа жақта, өзіміз басқа жақта пропискада тұрып жатырмыз. Сатқымыз келеді, өйткені бізде инвалид адам бар. Енді сатайық десек бізде документ жоқ.

Тұрғындар әлі күнге құзіретті органдарға арыз түсіріп көрмеген. Себебі мердігер “құжатты әне берем, міне берем” деп сендіріп келе жатыр дейді. Іс-қағаз бойынша 10-шы қабат техникалыққа саналмайды. Бірақ мәселенің не себепті сағызша созылып кеткенін түсінбей келеді.

ГҮЛХАТША САРБАСОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бұл үйді рассрочкаға алдық, ақшамызды құтылдық, бірақ та документ бізге әлі берілмей жатыр. Міне жасаймыз, әне жасаймыз деумен ұзақ созылып кетті. Енді мен бұл компанияға қатты нем жоқ, енді әкімшіліктен, үкіметтен күтеміз документті алып беруіне.

Ал тұрғын үй кешеніне жауапты мердігер құжаттардың жыл соңына дейін дайын болатынын айтты. Мәселенің ұзаққа созылуына жер дауы себеп болыпты.

МЫРЗАХАН ҚҰПАНҰЛЫ, МЕРДІГЕР:

Енді қазір қағаздарын жасатып жатырмыз. Мен іс-сапардамын. 5 жыл ма, 6 жыл ма үйді қабылдамай, жердің дауымен. Негізгі үйдің бәрін өткіздік. Енді қалған өтпей қалған үйлердің қағаздарын жасатып жатырмыз. Осы жылдың аяғына дейін біту керек.

Тұрғындар үйлеріндегі жалғыз мәселе құжат екенін айтқан еді. Енді ол қолдарына тиіп, көңілдері орнына келгенше күте тұрудан басқа амалдары жоқ.