$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Елордада «Astana Media Week» басталды

25.09.2024ж. 20:00
395
Елордада «Astana Media Week» басталды

Елордада «Astana Media Week» басталды. 8-рет ұйымдастырылған шараға жетекші сарапшылар, халықаралық ұйым өкілдері және журналистер қатысты. Олар бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мәселелерді талқылап, ұсыныстарын ортаға салды. Медиа жұлдыздар бас қосқан жиын туралы толығырақ әріптесім Аружан Задабек айтады. 

«Astana Media Week» - тәжірибе алаңы. Мұнда жан-жақтан жиналған медиа өкілдері жобаларын таныстырады. Арасында өңірден келген «Тараз 24» телеарнасы форматымен көзге түсті. Осыдан 5 жыл бұрын ашылған арнаның басты ерекшелігі – бағдарламалардың ұзақтығы 10 минуттан аспайды. Яғни, көрермен сұранысына сай, қысқа-нұсқа. Өткен жылы елдегі үздік төрт өңірлік арнаның тізіміне енген.

ГҮЛНАР ТАЙЖАН, «TARAZ 24» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ЖУРНАЛИСІ:

Бүгінгі форумда да қозғалатын мәселе – балалар контенті. Бізде бұл контент 2 жылдан бері «Айбике әлемі» атты бағдарлама бар. Бұл да тура қазір өзіміз байқайтындай кішкентай балалар ютубқа жазылып алып, неше түрлі орысша контенттер көреді. Бұлш қазақ тіліндегі контентті дамыту мақсатында, кішкентай балаларды қазақ тілінде сөйлесу мақсатына арналған.

Шарада салалық журналистиканың маңыздылығы да айтылды. «Мың бала» - трэвел журналистиканы дамытып жүрген ұйым. Олардың мақсаты – Қазақстанның әсем, тарихи орындарын көрерменге көрсетіп, ішкі туризмді дамыту. Әр орынның ерекшелігіне тоқталып, тың мағұлыматтармен бөліседі.

ШЫНАР БИГЕМБЕКОВА, «МЫҢ БАЛА» ЖОБАСЫНЫҢ ҚАТЫСУШЫСЫ:

Қазақстандық жастарды өзінің туған жері саяхат арқылы сан қырынан көрсету. Егер қысқаша айтып кетсек, біздің қатарымызға қосылу үшін бар болғаны жасыңыз 18 жастан асуы керек. Қатысу тегін. Ең бастысы экспедиция ғой. Біз өзіміз саяхаттаймыз. Сол арқылы бағдарлама да жасаймыз.

Бізде осындай медиа өнімдердің барлығын сараптап, саралайтын жүйе бар. Атауы - IMAS. Бұл платформа бір сөзбен айтқанда билік пен халықты байланыстыратын көпір. Мәселен, бір басқарма жүйеге кіріп өз орталықтарының атын енгізсе, автоматты түрде оларға халықтың, журналистердің жазған сын-ескертпелерін оқи алады.

ДАНИЯР БИБАСАР, IMAS GROUP КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Барлық Қазақстанның БАҚ-да қандай материалдар шығып жатыр кез-келген кілтті сөзді енгізсеңіз, мысалы АЭС десеңіз сол бойынша қандай дискуссия жүріп жатыр, соны жүйе аналитика жасап, автоматты түрде сізге көрсетіп береді. Бұған қоса біз жасанды интеллектіні алдық. Ол автоматты түрде баспасөз хатшыларына пресс-релиз дайындайды, кез-келген негативке жауап жазып бере алады.

«Astana Media Week» 3 күн бойы өтеді. Оған мыңнан аса адам қатысады деп жоспарланған.