$478.54 €533.76 ₽5.17
×

Тұманды Альбионды су басты

AstanaTV
26.09.2024ж. 00:38
185
Тұманды Альбионды су басты

 Англияның кейбір аймақтарында бір айлық жауын-шашынның мөлшері небәрі 24 сағатта жауып, кең көлемді су тасқынына алып келді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Әсіресе, елдің орталық және оңтүстік аймақтары қатты зардап шегіп отыр. Оксфорд, Рединг және Бат қалаларындағы нөсер жаңбырдың деңгейі 120 миллиметрге дейін жеткен. Өзендер арнасынан шығып, метеорологиялық қызмет төтенше жағдай жариялады. Мектептер жабылып, халық үйлерінен көшіп жатыр. Көлік қозғалысы да тоқтады.

«Кеше түнде нөсер жаңбыр жауып, өзен көтеріле бастады. Үйіміз су астында қалды. Біз осында 2013 жылы көшіп келгелі мұндай кең көлемді табиғат апаты болмаған», - дейді Бердфоршир графтығы тұрғындарының бірі Кит Гарвуд.

Қоршаған ортаны қорғау агенттігі су тасқыны туралы 100-ге жуық ескерту жариялады. Топан су Лондондағы Уимблдон стадионына дейін жетіп, шұңқыр пайда болды. Нәтижесінде Конфедерациялар кубогы мен басқа да матчтар кейінге қалдырылды.

Лондонның өрт сөндіру бригадасы су тасқынына байланысты 350-ден астам шақырту алғанын хабарлады. Құтқарушылар көліктері мен үйлерінде қамалып қалған адамдарды сыртқа алып шығып жатыр.

Метеорологиялық бюро бір-екі күнде жаңбырдың тоқтағанымен алдағы уақытта оның жаңа қарқынмен қайта басталуы мүмкін екенін ескертеді. Солтүстіктен соққан салқын желдің әсерінен Ұлыбританиядағы ауа температурасы айтарлықтай төмендейді деген де ақпарат бар.