$498.34 €519.72 ₽4.85
×

ASTANA MEDIA WEEK жалғасып жатыр

26.09.2024ж. 20:00
322
ASTANA MEDIA WEEK жалғасып жатыр

2030 жылға қарай 800 миллион адам жасанды интеллекттің кесірінен жұмысынан айырылуы мүмкін. Заман талабына сай жаңа мамандықтар пайда болмақ. Иә, нарықтың ұдайы өзгеріп отырған заманында дәстүрлі медиа бұрынғы қалпында қалмауы тиіс. Ол үнемі өзгеріс үстінде болып, жаңарып отыруы қажет. ASTANA MEDIA WEEK апталығында бас қосқан сарапшылар осылай дейді. Медиа апталықтың екінші күні несімен есте қалды? Тілшіміз тарқатсын. 

МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Осымен 8-ші рет ұйымдастырылып отырға Астана медиа апталығы мықты нетворкинг алаңына айналды. 8 жыл ішінде шараға 10 мыңға жуық адам қатысқан. Медиа өкілдері, әдеттегідей, тың жобаларымен бөлісіп, ұшқыр идеяларын ортаға салуда.

Медиа апталықтың екінші күні сарапшылар салалық журналистика жайында сөз қозғады. Бұдан өзге биылғы ерекшелік - өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына баса назар аударылған.

БИБІГҮЛ ҚҰЛАМАН, ASTANA MEDIA WEEK ҰЙЫМДАСТЫРУ КОМИТЕТІНІҢ МҮШЕСІ:

Өңірлік БАҚ-та журналистің статусы, журналистің мәртебесі және медиа этикасы, соның барлығы бізде сессияларда көтерілді. Сарапшылар сұрақ-жауап арқылы мұның барлығын ортаға салды.

Күн сайын қарыштап дамып жатқан заманда дәстүрлі журналистиканың цифрлы медиамен бір сарында алға жылжуы маңызды. Аймақтағы баспасөз мамандары осы бағыттағы жетістіктерімен бөлісті.

МАРАТ АРАЛБАЕВ, «СЫР МЕДИА» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Біздің шығатын газеттеріміздің бәрінде сайты бар. Ақпараттық агенттік бар. Жасанды интеллектпен де жұмыс жасап жатырмыз. Әр сайттың оқырманы бар. Қаралымы да жақсы. Әлі газет оқитын поколение бар. Біз жастарды дұрыс қалыптастырамыз десек, газет, кітап оқуға тәрбиелеуіміз керек.

Журналистер қайда, қашан түсірілім жүргізе алады? Қай уақытта бұған тыйым салынуы мүмкін? Осы және өзге де сұрақтарға қатысты журналистерге арналған дәрістер ұйымдастырылды.

СЕРГЕЙ УТКИН, «ӘДІЛ СӨЗ» СӨЗ БОСТАНДЫҒЫН ҚОРҒАУ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚОРЫНЫҢ ЗАҢГЕРІ:

"Масс медиа туралы" заңды, оның қолданылу аясын, ұтымды тұстарын талқыладық. Мәселен, бұл заң қабылданғанға дейін блогерлардың құқығы журналистермен тең болған. Енді бұған жол жоқ. Интернет басылым ретінде тіркеліп, есепке тұру қажет.

МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Аты аңызға айналған Қазақ радиосының қызметкерлері де осында. Міне, тікелей қосылым болып жатыр екен. Алмас мырза, кезекті медиа апталығы қалай өтуде? Көңіліңізден шығып жатыр ма?

АЛМАС БАЙДРАХМАН, ҚАЗАҚ РАДИОСЫ РАДИОАРНАСЫНЫҢ БАС РЕДАКТОРЫ:

Отандық бұқаралық ақпарат құралдары және цифрлық коммуникация саласында белгілі сарапшылар, танымал журналистер, тіпті, халықаралық ұйым өкілдері журналистиканың өзекті мәселелерін талқылап жатыр кешеден бері. Осы форумның "Медианың әсері және цифрлық үндестік" деп аталуының өзінің бір мәні бар деп ойлаймын. Радиода бүгінгі нарыққа сай қысқа да нұсқа ақпарат беруге, көптеген ұзақ сұхбаттардың орнына 5 минуттық ақпараттық - танымдық бағдарламалар беруге көңіл бөліп жатырмыз.

Үш күнге жалғасқан Astana Media Week апталығы ертең «Үркер» сыйлығын табыстау рәсімімен аяқталады.