Биыл Ақтөбе облысында 16 490 қыз балаға адам папилломасы вирусына қарсы вакцина салу жоспарлануда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаевтың айтуынша, екпе Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысына сәйкес, 11 жастағы қыздарға салынады. Сондай-ақ 12 жастан 13 жасқа дейінгі қыздарға толықтырушы вакцина салу жүргізіледі.
Аталған екпе қыз балаларға ата-аналарының жазбаша келісімімен мектептердің медициналық кабинеттерінде жүргізіледі. Сондай-ақ екпе ата-анасының қалауы бойынша медициналық ұйымдардың егу кабинетінде салынады. Бұл вирус – дененің түрлі бөліктері, яғни терісі мен шырышты қабаттарын зақымдайтын вирустар тобы, жатыр мойны обырының қоздырғышы. Сондықтан жаман аурудың алдын алу үшін вакцинация салу елімізде жаппай жүргізілуде. Мысал келтіре кетсек, бүгінде елімізде жыл сайын осы қатерлі ісікке 1900-ге жуық қыз-келіншек шалдығады, - дейді Мұхтар Сербаев.
Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің онкология кафедрасының доценті Анара Туляеваның айтуынша, былтыр өңірде 103 әйел жатыр мойны обырына шалдыққан. Науқастардың ең жасы — 25 жаста. Ал биыл жыл басынан бері облыста 75 әйелден осы қатерлі ісіктің белгілері анықталған.
Аурудың алдын алудың бірден-бір жолы — вакцина алу. Сондықтан ата-аналар қыздарына екпе салдыруда қарсылық көрсетпегені абзал. Қазір бұл ретте елімізде «Гардасил» вакцинасы қолданылады. Бұл екпе вирустың төрт онкогенді түрінен қорғайды, - дейді Мұхтар Сербаев.
Айта кету керек, бүгінде Ақтөбе облысы қатерлі ісік ауруларынан көз жұматындар саны бойынша республикада бірінші орында тұр.